БастыМәдениет

Әділхан Ержановтың жаңа фильмі халықаралық Венеция кинофестиваліне қатысады

Әділхан Ержановтың нуар жанрында түсірілген «Голиаф» атты жаңа көркем фильмі 79-шы Халықаралық Венеция кинофестивалінің Orizzonti Extra («Жаңа көкжиектер») бағдарламасына қатысады. Бұл туралы Венеция биеннале көркемдік жетекшісі Альберто Барбера онлайн форматта өткен баспасөз отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Голиаф» фильмінде билік пен бағыну табиғаты зерттеледі. Кек алу идеясы (бір жағынан мүмкін болмаса да) және үлкен тұлғалар мен кішкентай адамдардың арасындағы қақтығыстар туралы сюжет бұрыннан бері ойда болатын. Екі жыл ішінде сценарийді бірнеше рет өзгерте отырып, осы мәселелерді көтеруге тырыстым. Фильмде арт пен жанр арасында өзіндік шегі бар, сондықтан мұны кейбіреулер түсінбеуі мүмкін, алайда жоғары бағалайтындар болады деген сенім бар», – дейді фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Әділхан Ержанов.

«Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен, қазақстандық Short brothers және Changepoint кинокомпаниялары, сондай-ақ ресейлік All Media (a START Company) мен «Форест-Фильм» компаниялары бірлесе түсірген кинотуындының оқиғасы Қаратас ауылында өрбиді. Өзінің қаталдығымен және албырттығымен белгілі Бөлеген есімді жігіт ауыл тұрғындарын үрейде ұстайды, оларды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етеді. Оған қарсы шыққан жандарды аяусыз жауапқа тартады. Қаратас ауылындағы қылмыс туралы полицияға жеткізбек болған Арзудың әйелі бүкіл отбасын қатерге тігеді.

Фильмнің түсіру жұмыстары былтыр жаз айында Алматы төңірегінде өтті. Басты рөлдерді қазақстандық белгілі актерлер: Берік Айтжанов, Данияр Алшынов, Альмира Тұрсын және Еркен Губашев сомдады. Сондай-ақ, фильмге ресейлік актерлер Дмитрий Чеботарев және Александра Ревенко түсті.

Аталған киновестиваль 31 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Лидо аралында өтеді. Фестиваль ұйымдастырушылары биыл бұл байқауға жеті фильм қатысатынын хабарлады. Orizzonti Extra бағдарламасы кино әліміне жаңалық алып келген фильмдерді көрсетіп қана қоймай, әлемге жаңа режиссерлерді таныстырады. Бұл бағдарлама шеңберінде түрлі жанрда және әр түрлі форматта түсірілген фильмдердің ішінен үздік туындыны көрермендерден құралған қазылар алқасы анықтайды.

Айта кетсек, Әділхан Ержановтың «Сары мысық» атты фильмі 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасына қатысқан болатын.

Сондай-ақ, Әділхан Ержановтың фильмдері Канн, Локарно, Роттердам, Брюг, Стокгольм, Пусан сынды беделді фестивальдерде көрсетіліп, көптеген жүлделерге ие болған. Ол 2019 жылы «Қап-қара адам» фильмі үшін Asia Pacific Screen Awards (Азиялық «Оскар» атанған) жүлдесін алған алғашқы қазақстандық режиссер. Халықаралық Канн кинофестивалі шеңберінде Ержановтың екі бірдей фильмі – «Ерекше көзқарас» бағдарламасында «Әлемнің ерке енжарлығы» («Ласковое безразличие мира») және «Үкілі Камшат» («Специальный показ») кинотуындылары көрсетілген

болатын.

Фото: kazakhfilmstudios.kz

TuraNews

Back to top button