Журналистер Қарағанды облысының энергетика саласын жаңғырту барысын баспасөз туры кезінде бағалады
Қарағанды облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысын және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын таныстыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараны ҚР Энергетика министрлігі мен Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өңірлік департаменті өткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Өңірлік департамент басшысы Айрат Карамурзиннің сүйемелдеуімен өткен шарада облыстың энергетикалық кешеніндегі негізгі көрсеткіштер таныстырылды. Биылғы жөндеу науқаны аясында өңір станцияларында жоспарланған 17 қазан агрегатының 11-іне және 7 турбоагрегаттың 6-уына күрделі жөндеу толық аяқталды. Сонымен қатар 1 231,86 шақырым электр тарату желісі жөнделіп, 36,7 шақырым жылу желісі жаңартылды және реконструкцияланды. Қазіргі уақытта облыстың электр станциялары мен қазандықтарында 1,69 млн тоннадан астам көмір және 15 мың тонна мазут қоры жинақталған.
Пресс-тур барысында журналистер өңірдегі төрт стратегиялық нысанның жұмысымен танысты:
- «Гиперборея» жел электр станциясы: Осакаров ауданында 2026 жылы іске қосылған станцияда жалпы қуаты 150 МВт болатын 21 жел турбинасы орнатылған. Іске қосылғаннан бері нысан 547,9 млн кВт·сағ «жасыл» энергия өндіріп, 20 тұрақты жұмыс орнын ашты.
- Қарағанды 3-ЖЭО: Өсіп келе жатқан қала сұранысын өтеу үшін станцияны кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. 2028 жылдың қазанында аяқталатын жоба аясында жаңа №9 қазан агрегаты мен №7 турбоагрегат салынып, станцияның электр қуаты 140 МВт-қа, жылу қуаты 180 Гкал/сағ-қа артады. Жаңа энергоблок түтін газдарын тазартудың заманауи көпсатылы жүйесімен жабдықталады.
- «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясы: Қарағандыда пайдалануға берілген 110/10 кВ кернеулі жаңа қосалқы станция 24 МВА қосымша қуат береді. Бұл Майқұдықтың алты шағын ауданын (11а, 12, 13, 14, 16 және 17-шағын аудандар) тұрақты электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік берді.
- Шахтинск ЖЭО: 37,8 мың тұрғынды жылумен қамтамасыз ететін станцияда биыл №3 және №4 қазан агрегаттары күрделі жөндеуден өтті. Жүйелі жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде станция техникалық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Сонымен бірге ұлттық жоба аясында Молодежная көшесіндегі 2,7 шақырым магистральдық жылу желісі қайта жаңартылуда.
Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті өңірдегі барлық энергетикалық нысандардың күзгі-қысқы кезеңдегі үздіксіз жұмысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.



