ҚоғамСаясатТехнология

Цифрлық құқықтарды қорғау – заманауи қоғамның маңызды талабы

Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде азаматтардың жеке деректерін қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Қазақстанның жаңа Конституциясында цифрлық құқықтарды қорғауға конституциялық деңгейде мән берілген.

Ата Заңда дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік кепілдіктерінің бекітілуі – қоғамның технологиялық өзгерістеріне берілген маңызды құқықтық жауап. Бұл азаматтардың жеке ақпаратына құрметпен қарау, оны заңсыз пайдаланудан қорғау және цифрлық ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.

Ұлытау облысында да мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен аудан орталықтарында электрондық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жеңілдетуге ықпал етеді.

Дегенмен цифрлық мүмкіндіктердің артуы ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Әр азамат жеке деректерін қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеу сияқты қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтауы қажет.

Жаңа Конституция цифрлық кеңістіктегі азамат құқықтарын қорғаудың құқықтық негізін нығайтады. Ал оны күнделікті өмірде жүзеге асыру мемлекеттік органдардың да, қоғамның да ортақ жауапкершілігі болып қала береді.

TuraNews

Back to top button