Әлем

Қырғызстандық қылмыс әлемі серкесінің активтерін Қазақстаннан іздейді

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Камчы Асанбектің (Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын жою бойынша алдын ала деректерді жариялады.  Қылмыстық топ көшбасшысы мен оның туыстарының заңсыз активтерінің қатарында 850-ден астам жылжымайтын мүлік, бағалы бұйым, оның ішінде гаухар тастары бар алтын тәж болған. Бұл жайлы ҚазАқпарат агенттігі бұл туралы «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл 4 қазанда ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшысы Камчы Асанбек (Көлбаев) қарумен қарсылық таныту кезінде көзі жойылғаны хабарланған болатын.

2008 жылдан бастап Камчы Асанбек жоспарлы және мақсатты түрде қылмыс империясын құрған.

«К.Асанбектің қылмыстық дәрежесі мен шексіз қаржы ресурсы, сондай-ақ жазаға тартылмауы оған әр жылдары елдегі саяси оқиғаларға әсер етуге мүмкіндік берді. Бұл ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндірді және қазіргі құқықтық мемлекетте мұндай жағдайға орын жоқ», – деп жазды «Кабар» агенттігі.

К.Асанбектің қылмыс әлеміндегі абыройы мен қызметі оны заңсыз байытып, долларлық миллионерге айналдырды. Ал туыстары мен жақын адамдарына қымбат және шетелдік активтерді иеленуге мүмкіндік берді. Олардың бұл мүлікті заңды жолмен сатып алуға қаржылық жағдайы жетпейтін еді.

Қылмыстық активтерін жасыру мақсатында К.Асанбек пен оның жақындары күзет агенттіктерінің атын жамылып заманауи қарумен және құралдармен жабдықталған қылмыстық топ құрған. Бұл қару-жарақтың бәрі тергеу кезінде тәркіленді.

Қылмыстық топ көшбасшысы, оның туыстары мен жақындарының меншігінде 850-ден астам жылжымайтын мүлік, оның ішінде үлкен жекежайлар, коттедждер, элиталы клубтық үйлер, салынып жатқан нысандардағы көптеген пәтер, демалыс орталықтары, пансионат, мейрамханалар, жер телімдері, атқоралар, аң аулайтын жерлер, люкс санаттағы 60-тан аса автокөлік, оның ішінде құрышпен қапталғандары бар, бағалы бұйымдар, оның қатарында гаухар таспен безендірілген алтын тәж және басқа да мүлік болды.

ҰҚК қылмыстық жолмен табылған мүліктің бір бөлігін мемлекет меншігіне аудара бастады. Соғылып жатқан екі нысанның өзінде К.Асанбектің 700-ден астам пәтері болған, оның бәрі мемлекет меншігіне өтеді.

Алдын ала есеп бойынша, К.Асанбектің заңсыз жолмен тапқан активтерінің құны – 1 млрд АҚШ доллары. Оның мүлкіне толықтай тыйым салынды.

К.Асанбек пен оның жақындарының заңсыз активтерін ел ішінде ғана емес, шетелден, оның ішінде Ресей, Қазақстан, Грузия, Түркия, БАӘ (Дубай) және Жапониядан іздеу жалғасады.

TuraNews

Back to top button