ӘлемМәдениет
Trending

Анкарада түркі елдерінің гастрономиялық фестивалі өтті

Анкарада өткен түркі әлемінің гастрономиялық фестивалінде 20 түрлі ұлттық дәм ұсынылды.

Түркияның астанасы Анкара қаласында өткен түркі әлемінің гастрономиялық фестивалінде бауырлас елдердің ұлттық тағамдары көпшілікке ұсынылып, үш күнге созылған шара барысында 20 түрлі дәм әзірленді, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.

Туризм көрмесі аясында алғаш рет ұйымдастырылған фестивальде қазақтың ет тағамы, қырғыздың орамасы, өзбек палауы және түрік сорпасы, соның ішінде Анкараның Бейпазары өңірінде кең танымал тархана сорпасы таныстырылды. Ұн, көкөніс және ашытылған сүттен жасалатын тархана көшпелі халықтың қысқы азығын алдын ала дайындау дағдысынан бастау алып, түркі халықтарының ас мәдениетіндегі сабақтастықты айқын көрсетеді.

Түркия аспаздар федерациясының төрағасы Гөкхан Йылмаз шеберлік сабақтары арқылы әр ұлттың төл дәмін Анкара тұрғындарына таныстырып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, түркі елдеріндегі тағамдардың негізгі ингредиенттері мен мазмұны ұқсас, тек дайындау әдістері әртүрлі, ал қазақтың ет тағамын бұл жолы түрік аспаздары әзірлеп, келушілерге ұсынды. Журналист әрі жазушы Эмин Пазаржы түркі халықтарының аспаздық мұрасы өте бай екенін және ортақ дастархан мәдениетін дәріптеудің маңызы зор екенін айтты.

Гастрономиялық фестиваль келесі жылы да дәстүрлі түрде өткізілетін болады.

TuraNews

Back to top button