Мәдениет

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы әзербайжан тілінде жарық көрді

Бүгін, 28 қыркүйек күні Халықаралық Түркі академиясы Алматы қаласында өтіп жатқан Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына арналған «М.О. Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында «Абай жолы» роман эпопеясының әзербайжан тіліндегі жаңа басылымын таныстырды.

Алғаш рет роман 1954 жылы бауырлас әзербайжан тілінде аударылып, Баку қаласында жарық көрген. Биыл Түркі академиясы «Абай» романын толықтай қазіргі әзербайжан әліпбиіне түсіріп, заңғар жазушының 125 жылдық мерейтойына орай басып шығарып отыр. Арада 68 жыл өткен соң әзербайжан оқырмандарымен қайта қауышқан роман-эпопея Әзербайжан Республикасының кітапханалары мен ғылыми ұйымдарына таратылатын болады. Романда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі арқылы қазақ халқының кеңестік кезең қарсаңындағы бүтін бір дәуірі жан-жақты көрініс тапқан. Туынды әлемнің 120-дан астам тіліне аударылған.

сүрет: Түріксой

Айта кету керек, «Достық үйінде» өткен алқалы жиынға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры Кенжехан Матыжанов, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушының ұлы Мұрат Әуезов, Халықаралық Түркі академиясының Тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, көрнекті фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов,  «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының  директоры Дияр Қонаев, Ф.М. Достаевский әдеби-мемориалдық музейінің директоры Наталья Ашимбаева,  Низами атындағы Педагогикалық университетінің профессоры Қалдыбек Сейданов, Баку Славян университетінің профессоры Низами Мамедов, Печ университетінің профессоры Валентина Вегвари, сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей және басқа елдердің жетекші ғалымдары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.

Source
Twesco.org

TuraNews

Back to top button