
Түрлі талғамға сай келетін Жерорта теңізі асханасы мен жоғары деңгейлі сәнді шипажайлары бұл қаланы Түрік Ривьерасының ең тартымды аймағына және ел туризмінің нағыз флагманына айналдырды. Алайда Анталия тек демалыс орны ғана емес. Қалада 300-ден астам бес жұлдызды қонақ үй мен 175 000-нан астам конгресс орнын қамтитын қуатты инфрақұрылым қалыптасқан. Осыған дейін G20 саммиті сияқты беделді халықаралық жиындарды абыроймен өткізген шаһар әлемдік деңгейдегі сенімді іскерлік хаб ретінде де үлкен беделге ие.
Осындай әлеуетінің арқасында Анталия 2026 жылы да ауқымды халықаралық конференциялардан бастап, жетекші мәдениет фестивальдері мен ірі спорттық додаларға дейінгі сан түрлі шаралардың орталығы болып қала бермек. Биыл қалада өтетін ең маңызды жиындардың қатарында Түркияның алғашқы халықаралық спорттық туризм көрмесі — Sports & Events Türkiye (31 мамыр – 3 маусым), 77-ші Халықаралық астронавтика конгресі (IAC) (5–9 қазан) және жаһандық маңызы бар БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP31) (9–20 қараша) бар. Сонымен қатар қала әлемге әйгілі Аспендос опера және балет фестивалі сияқты мәдени кештерді, сондай-ақ Runtalya марафоны мен Turkish Airlines Open гольф турнирі сияқты ірі спорттық сайыстарды қабылдайды.

IX Анталия сән апталығы (IX. AFW): Сән әлемінің жаһандық сахнасы
Осынау серпінді шаралар күнтізбесінің аясында Анталия көпжылдық тарихы бар халықаралық ұйымдардың да басын қосуда. Солардың бірі — маусымның 2-сі мен 4-і аралығында тоғызыншы рет есігін айқара ашатын Antalya Fashion Week. 2026 жылғы жаңа көзқарасқа сай, бұл сән апталығы Анталияның көпмәдениетті рухын, бірегей табиғаты мен бай мәдениетін әлемдік сән сахнасында паш етуді мақсат етеді.

Мәдени маңызын арттыру үшін биылғы Antalya Fashion Week сән әлеміне маусымдық шектеулерден тыс жаңашыл бағдарламалар ұсынып, қала рухын тарихи орындардағы эксклюзивті көрсетілімдер, шығармашылық шеберлік сыныптары арқылы жаңаша сипатта көрсетеді. Түркияның жетекші дизайнерлерімен қатар, негізінен Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін шетелдік сән шеберлерінің қатысуы Анталия сән апталығының халықаралық ауқымы жыл санап кеңейіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Анталия: Жыл бойы үзілмейтін ұмытылмас әсерлер мекені
Жылына 300 күн бойы күн нұры төгіліп тұратын Анталия Түрік Ривьерасының ең танымал жазғы демалыс орталығы саналады. Мұндағы отбасылық қонақ үйлер, мөлдір теңіз бен түрлі ойын-сауықтар туристерді өзіне баурап алады. Дегенмен жұмсақ климаты мен бай табиғатының арқасында Анталия — кез келген уақытта кез келген саяхатшының талғамынан шыға алатын, жыл бойы қызмет көрсететін әмбебап бағыт.

Үш бірдей көне тарихи аймақтың тоғысында орналасқан қала өзінің терең мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Саяхатшылар қаланың тарихи жүрегі саналатын Калеичидің тар көшелерін аралап, әлемге әйгілі Аспендос, Патара, Сиде және Фаселис археологиялық орындарына саяхат жасай алады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін жаяу серуендеу, велосипед тебу және қайық турларына тамаша мүмкіндіктер бар. Сіз аңызға айналған Ликия жолымен жаяу жүріп, Тавр тауларының көркем соқпақтарында велосипед тебе аласыз немесе аймақтың тылсым шығанақтарын ашу үшін «көк саяхатқа» (blue voyage) шыға аласыз.

Жазғы маусымы қазан айына дейін созылатын қалада Белекте гольф ойнау, Кашта дайвингпен айналысу, сондай-ақ Караин мен Дамлаташ сияқты таңғажайып үңгірлерді зерттеп, Көпрюлю каньонында рафтинг жасау сияқты ұмытылмас сәттер көптеп кездеседі. Оған қоса, жаңа ауланған теңіз өнімдері, зәйтүн майы қосылған тағамдар мен жергілікті шараптардан тұратын Жерорта теңізі асханасы кез келген сапардың сәнін кіргізе түспек.






