
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігіне назар аударуы азаматтық-құқықтық қатынастарды заман талабына сай жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Ортақ меншік институты азаматтардың күнделікті өмірінде жиі кездеседі: ерлі-зайыптылардың мүлкі, мұрагерлерге өткен мүлік, бірнеше тұлға бірлесіп сатып алған жылжымайтын мүлік немесе өзге де ортақ активтер. Мұндай қатынастарда меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері нақты айқындалмаса, мүлікті пайдалану, иелену және оған билік ету мәселелері бойынша келіспеушіліктер туындайды.
Мәселен, ортақ мүлікті пайдалану тәртібін белгілеу, оны күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды бөлу, бір меншік иесінің өз үлесіне билік етуі немесе мүлікті бөлу кезінде өзге қатысушылардың мүдделерін сақтау — тәжірибеде жиі кездесетін құқықтық мәселелер.
Жаңа Кодексті әзірлеу барысында ортақ меншік иелерінің құқықтарын жүзеге асыру тәртібін неғұрлым нақтылау, олардың бір-бірінің заңды мүдделерін ескеру міндетін айқындау және дауларды сотқа дейін реттеуге мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді дамыту орынды болар еді.
Мұндағы мақсат — меншік иелерінің құқықтарын шектеу емес, керісінше, әрбір қатысушының құқықтық жағдайын түсінікті әрі болжамды ету. Өйткені мүліктік қатынастардағы айқындық азаматтар арасындағы сенімді нығайтып, сот дауларының алдын алуға ықпал етеді.
Жаңа Азаматтық кодекс азаматтық айналымның нақты қажеттіліктеріне жауап беріп, құқықтық нормаларды өмірлік жағдайлармен ұштастыруы керек. Ортақ меншік қатынастарын жетілдіру осы міндетті іске асырудың маңызды бөлігі бола алады.



