Алматыда «Бірінші Баку түркологиялық құрылтайына» қатысты сирек архивтік фотосуреттер, бейнематериалдар мен құжаттар таныстырылды, деп хабарлайды 24.kz.
Тарихи форумның 100 жылдығына орай халықаралық симпозиум өтті. Оған түркі халықтарының өкілдері және Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мен Түрікменстанның ғалымдары, тарихшылары мен тіл мамандары қатысты.
Симпозиум аясында Әзербайжан ұлттық тарих музейі мен Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінің сирек қор материалдары негізінде дайындалған арнайы көрме ашылды. Экспозицияда 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық құрылтайға қатысты хаттамалар, есептер, ғылыми еңбектер мен қатысушылардың фотосуреттері қойылған. Көрмеде ұсынылған құжаттардың арасында арнайы шақырылған делегаттардың тізімі де бар. Онда қазақтың қоғам қайраткері әрі ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының есімі көрсетілген.



