ӘлемСпортТуризм
Trending

Велосипедпен Түркияны тану: Әрбір саяхатшыға арналған бірегей бағыттар

Велотуризм қазіргі таңда әлемдік трендке айналып келеді. Бұл жай ғана сән емес, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, денсаулықты нығайтатын және жергілікті халықтың мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік беретін ерекше саяхат тәсілі.

Бүгінде велотуризм тек ұзақ қашықтыққа созылатын спорттық жарыс шеңберінен шығып, адамның жеке талғамына сай келетін жаңа сипатқа ие болды. Бұл бағытта Түркия табиғат пен тарихты, мәдениет пен жайлылықты бір арнаға тоғыстырған кең веломаршруттар желісімен ерекшеленеді. Сонымен қатар Түркия бүкіл Еуропа құрлығын байланыстыратын 17 ауқымды велосипед бағытынан тұратын EuroVelo желісінің ресми мүшесі. Атап айтқанда, EuroVelo 13 және EuroVelo 8 бағыттары Эдирне, Кыркларели және Измир қалаларын Еуропамен жалғап жатыр.

Велосипед сүйер қауымның жаңа мекені

Түрлі дайындық деңгейі мен велосипед тебу стиліне қарай арнайы әзірленген бұл бағыттар тек әдемі көріністермен ғана шектелмейді. Саяхатшылар жол бойы жергілікті дәмнен ауыз тиіп, ежелгі археологиялық мұраларды өз көзімен көре алады. Сапардың жайлы өтуін велосипедшілерге арналған арнайы сертификаты бар қонақ үйлер (bike-friendly) қамтамасыз етеді, мұнда спортшылар үшін барлық қажетті қызмет көрсетіледі.

Айта кетерлігі, бұл жолдар жай ғана туристік соқпақ емес, әлемдік деңгейдегі беделді жарыстар өтетін орындар. Мәселен, биыл мамыр айында 61-ші рет жалауы желбіреген Президенттік велосипед туры Түркияның осы спорт түріне арналған әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Измирдің көрікті Чешме қалашығынан басталып, бас қала Анкарада мәресіне жеткен бұл дода қатысушылар мен жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлады. Сондықтан осы тарихи бағыттарды велосипедпен өз бетіңізше бағындырып көруге неге тәуекел етпеске?

Түркия жағалауындағы велосипед бағыты

Измирден Анкараға дейінгі ұмытылмас шытырман оқиғалар

Алғашқы сапарыңызды президенттік жарыстың беташар кезеңі болған Чешме мен Сельчук арасындағы бағыттан бастауға болады. Жол бойы Эгей теңізінің інжу-маржандары саналатын Алачаты, Урла және Сеферихисар сияқты көркем қалашықтар арқылы өтіп, ЮНЕСКО мұралары тізіміне енген әйгілі Эфес көне қаласына табан тірейсіз. Бұл аймақ EuroVelo 8 халықаралық желісінің бөлігі болып табылады.

Келесі кезең Айдын қаласын Мугла өңіріндегі шипажайлы Мармариспен байланыстырады. Мұнда теңіз панорамасы мен қалың орманды тау өрлеулері кезектесіп отырады. Мармаристің ерекшелігі — небәрі бірнеше минут ішінде теңіз деңгейіндегі жағалаудан таулы соқпақтарға өтіп кетуге болады.

Мармарис, Мугла

Тағы бір тартымды бағыт Мармарис пен Фетхие арасында созылып жатыр. Велосипедшілер жол-жөнекей Эгейдің тылсым ауылдарын, ғажайып Гөкова шығанағын, Каунос көне шаһарын, «Cittaslow» (баяу қала) мәртебесіне ие Көйджегизді және Гөчектің жайлы айлағын артқа тастап, параплан спортының орталығы Фетхиеге жетеді.

Каунос көне шаһары

Төртінші бағыт жылына 300 күн күн нұры төгіліп тұратын Түрік Ривьерасының жүрегі — Антальяға апарады. Көне Патара қаласынан бастау алатын жол таңғажайып жағалау сызығымен жалғасады. Жолда дайвинг орталығы саналатын Каш қалашығын, Әулие Николай шіркеуі мен Мира көне қаласы орналасқан Демрені аралап, Тавр тауларының бөктеріндегі Кемерде сапарды аяқтауға болады.

Мирадағы антикалық театр, Демре

Велосипед картасының соңғы нүктесі — бас қала Анкара. Мұндағы бағыт қаланың тарихи және әкімшілік орталықтарын, әсіресе Республика дәуірінен қалған ескерткіштерді қамтиды. Ал қала қарбаласынан шаршаған сәтте сапарды Эймир көлінің жағасына қарай ұзартып, табиғат аясында тынығуға тамаша мүмкіндік бар.

Эймир көлі/Анкара

TuraNews

Back to top button