Түркия Республикасының Вице-президенті Жевдет Йылмаз Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында Астана қаласында іскер топтармен мазмұнды жүздесу өткізді. Екі ел арасындағы экономикалық дипломатияны нығайтуды көздеген бұл шара Түркия-Қазақстан үкіметаралық экономикалық комиссиясының 14-ші отырысы аясында ұйымдастырылды.
Жевдет Йылмаз тарапынан ұйымдастырылған «Түрік іскер әлемімен кездесу» бағдарламасында Қазақстанда қызмет етіп жатқан инвесторлар мен кәсіпкерлердің жобаларына қанықты. Вице-президент өз сөзінде бауырлас екі мемлекеттің стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті.
«Біз екі елдің Президенттері белгілеген 15 миллиард долларлық өзара сауда айналымының көрсеткішіне тезірек қол жеткіземіз деп күтеміз», — деп сенім білдірді.
Ол Қазақстанның түрік капиталы үшін ең тартымды нарықтардың бірі екенін және бүгінде түрік компанияларының көптеген маңызды секторларда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, тараптар сауда-саттық, өзара инвестициялар, энергетика, логистика, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және білім беру сияқты көптеген салалардағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейту мәселелерін талқылады. Жевдет Йылмаз түрік кәсіпкерлерінің Қазақстан экономикасына қосып жатқан үлесіне жоғары баға беріп, ортақ бастамаларға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жиын соңында Вице-президент нәтижелі кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған іскерлік кеңестерге алғыс айтып, Түркияны шет елде абыроймен танытып жүрген барлық бизнес өкілдеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмаз екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатында Қазақстанға бүгін ресми сапармен келген болатын. Сапар аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланады.


