Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі әрбір алтыншы теңге көлеңкелі айналымда қалып, ресми есепке алынбайды. Елде көлеңкелі экономиканы қысқарту бағытында бірқатар шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, оның экономикадағы үлесі әлі де айтарлықтай. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 15,7%-ды құрады. Ал 2025 жылы өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім көлемі 159,6 трлн теңгеден асқанын ескерсек, көлеңкелі экономиканың болжамды көлемі 25 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Өңірлер бөлінісінде жағдай әркелкі. Бұл аймақтар экономикасының құрылымындағы елеулі айырмашылықтарға байланысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі бақыланбайтын экономиканың ең жоғары үлесі Түркістан (27,8%), Жетісу (26,1%) және Жамбыл (25,7%) облыстарында тіркелген. Жалпы, көлеңкелі экономиканың үлесі еліміздің оңтүстік өңірлерінде жоғары болып отыр. Ал бақыланбайтын экономиканың үлесі ең төмен аймақтар қатарында Атырау (4,5%) және Ұлытау (5%) облыстары бар.
Соңғы он жылда бақыланбайтын сектордың үлесі 27,5%-дан 15,7%-ға дейін, яғни 12 пайыздық тармаққа жуық төмендеді. Осылайша, 2025 жылы тарихи ең төменгі көрсеткішке жетті. Көпжылдық деректер елдегі бақыланбайтын экономика үлесінің бірден емес, біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі саясатының нәтижесін аңғартады. Алдағы екі жылда билік экономиканы одан әрі «көлеңкеден шығаруды» жалғастыруды көздеп отыр. 2026–2028 жылдарға арналған Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 14,5%-ға, ал 2028 жылы 13,8%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Қазақстандағы бақыланбайтын экономиканы қысқарту үдерісі жүйелі сипат алғанымен, оның қарқыны салалар бойынша біркелкі емес. Мәселен, 2020–2025 жылдар аралығында көлеңкелі сектордың жалпы үлесі 4,5 пайыздық тармаққа азайған. Дегенмен жекелеген салаларда оң өзгерістермен қатар, кері үрдістер де байқалады.
Ең айқын оң нәтижелер тауар өндіру саласында тіркелген. Соңғы бес жылда оның көптеген қосалқы салаларында көлеңкелі қызметтің үлесі төмендеген. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 2,6%-дан 1,8%-ға дейін азайды. Өңдеу өнеркәсібінде 1,3%-дан 1%-ға төмендеді. Бұған индустриялық парктердің дамуы мен шағын өндіріс орындарын тіркеу рәсімдерінің жеңілдетілуі ықпал еткен. Ал құрылыс саласы көлеңкелі экономиканың үлесі өскен жалғыз қосалқы сала болды. Мұнда көрсеткіш 1,1%-дан 1,9%-ға дейін, яғни екі есеге жуық артқан. Бұл құрылыс көлемінің ұлғаюымен қатар, еңбек ақысын бейресми төлеу тәсілдерінің әлі де сақталуымен байланысты болуы мүмкін.
Көлеңкелі экономиканың негізгі бөлігі дәстүрлі түрде қызмет көрсету саласына тиесілі. 2020–2025 жылдар аралығында қызмет көрсету секторындағы бақыланбайтын экономиканың жалпы үлесі 15%-дан 11,1%-ға дейін, яғни 4 пайыздық тармаққа жуық қысқарды. Сауда саласы ұзақ уақыт бойы көлеңкелі қызметтің негізгі көзі саналып келді. Алайда соңғы бес жылда бұл бағытта онлайн-кассаларды енгізу, тауарларды таңбалау және басқа да реттеуші жаңашылдықтар қолға алынды. Электрондық сауданың белсенді дамуы да осы үдеріске оң әсерін тигізді. Нәтижесінде сауда саласындағы бақыланбайтын сектордың үлесі екі есеге жуық азайып, 5,6%-дан 3,1%-ға дейін төмендеді. Логистика саласында да айтарлықтай өзгеріс бар. Бұл бағыттағы көрсеткіш жүк қозғалысын қадағалайтын цифрлық сервистерді енгізу нәтижесінде 2,9%-дан 1,1%-ға дейін қысқарды.
Сонымен қатар экономиканың кейбір қызмет көрсету салаларында көлеңкелі кірістердің үлесі артқан. Мәселен, жылжымайтын мүлікпен операциялар жүргізу саласында бақыланбайтын экономиканың үлесі 0,6%-дан 1%-ға өсті. Бұған, соның ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей тұрғын үйді жалға беру секілді жағдайлар әсер еткен. Сондай-ақ осыған жақын HoReCa секторында (қонақүй және қоғамдық тамақтану саласы) көрсеткіш 0,1%-дан 0,5%-ға, ақпараттандыру және байланыс саласында 0,4%-дан 0,6%-ға, кәсіби және сараптамалық қызмет бағытында 0,6%-дан 0,7%-ға дейін өскен.
Бақыланбайтын экономикаға тек көлеңкелі сектор ғана емес, заңмен тыйым салынбаған тауарлар мен қызметтерді есепке алмастан сату, жалақыны конвертпен төлеу сияқты әрекеттер де кіреді. Сонымен бірге заңсыз экономикалық қызмет, заңсыз қаржылық схемаларды пайдалану, контрабанда және басқа да әрекеттерді қамтитын «қара экономика» да осы санатқа жатады. Ұлттық статистика бюросы сарапшыларының есептеуінше, 2020–2025 жылдары заңсыз экономиканың үлесі 1,7%-дан 1,1%-ға дейін төмендеген. Бұған өңдеу өнеркәсібіндегі қызметті реттеу талаптарының күшейтілуі ықпал еткен.
Ағымдағы жылдың ортасында Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа кешенді жоспарды бекітті. Құжатта экономиканың бақыланбайтын үлесін одан әрі қысқартуға бағытталған шаралар айқындалған. Олардың ішінде бірнеше негізгі бағытты атап өтуге болады.
Алдағы жылдары елімізде кірістерді жасыру тәуекелі жоғары салаларды цифрландыру жұмыстары жалғасады. Бұл ретте негізгі құралдардың бірі жеткізу тізбегінің барлық кезеңін цифрлық форматқа көшіру болмақ. Өсімдік шаруашылығында өнімнің қозғалысын егіс алқабынан бастап сауда сөресіне дейін бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық қадағалау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Осындай тәсіл мұнай-газ саласында да қолданылады. Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауыттарының материалдық-шикізат балансын жүргізудің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Бұл шикізат пен дайын өнімді өткізудегі бейресми схемаларды шектеуге мүмкіндік береді.
Сауда саласына да ерекше назар аударылады. Нарықтар мен сауда орталықтарын цифрлық форматқа көшіру (Digital Bazaar), сондай-ақ таңбаланатын тауарлар тізімін кеңейту шағын бизнес үшін ашық әрі ашықтықты қамтамасыз ететін жағдай қалыптастыруға бағытталған. Ал логистика саласында KEDEN және e-CMR цифрлық платформаларын біріктіру жүк пен қаржы ағындарының қозғалысын жаппай тексерулер жүргізбей-ақ бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоспар әртүрлі салаларды өзара байланыстыратын бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастыруды көздейді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – абоненттік құрылғыларды (IMEI-кодтар) верификациялау жүйесін KEDEN жүйесімен интеграциялау. Бұл электроника мен тұрмыстық техниканың заңсыз импортына бақылауды күшейтіп, көлеңкелі кірістердің негізгі көздерінің бірін шектеуге мүмкіндік береді.
Екі жылдан кейін қандай нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр? Алдымен жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін биылғы 38%-дан 2028 жылы 39%-ға дейін арттыру көзделген. Ал тауар өндіру саласындағы бақыланбайтын экономиканың үлесі 4,6%-дан 4,3%-ға дейін қысқаруы тиіс. Бұл бағытта құрылыс саласындағы реттеу шараларын күшейтуге және ауыл шаруашылығындағы тауар қозғалысын бақылауға басымдық беріледі.
Қызмет көрсету саласына қатысты болжамды көрсеткіштер де назар аудартады. Атап айтқанда, бұл сектордағы көлеңкелі экономиканың үлесін биылғы 11,1%-дан 2028 жылы 9,5%-ға дейін төмендету жоспарланған. Сауда саласындағы көрсеткішті 3,1%-дан 2,8%-ға, логистикада 1,1%-дан 1%-ға, ал сараптамалық қызмет бағытында 0,8%-дан 0,4%-ға дейін қысқарту көзделіп отыр. Экономиканың өзге салаларында да көлеңкелі сектордың үлесін азайту міндеті қойылған. Алайда бұл бағыттар бойынша болжамды көрсеткіштер біршама сақтықпен белгіленген.


