Түркі мемлекеттері арасында спорттық байланысты нығайту мақсатында жаңа халықаралық турнир ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл туралы Түркияда биліктегі Әділет және даму партиясының өкілі мәлімдеді.
Кожаэли қаласында өткен түркі әлемі жастарының басқосуында сөз сөйлеген AK Parti төрағасының орынбасарлары және түркі елдерімен байланыстар басқармасының басшысы Күршад Зорлу «Түркі кубогы» атты жаңа футбол турнирін екі жылда бір рет өткізуді ұсынды.
Саясаткердің айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асыру мәселесін Түркияның Футбол федерациясы мен Жастар және спорт министрлігі бірлесіп пысықтауы тиіс. Жаңа жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де түркі елдерінің ұлттық немесе жастар құрамалары қатысады деп жоспарланып отыр.
Бұл турнирдің басты мақсаты – бауырлас мемлекеттер арасындағы спорттық ынтымақтастықты арттырып, жас әрі талантты ойыншыларды анықтау және олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау. Дегенмен, турнирдің нақты өтетін мерзімі, форматы мен қатысушылардың түпкілікті тізімі әзірге бекітілген жоқ.
Сонымен қатар Күршад Зорлу Түркия клубтарында өнер көрсететін түркі тілді елдердің футболшылары үшін ережелерді өзгерту туралы маңызды ұсыныс айтты. Айта кетейік, қазіргі уақытта қазақстандық ойыншылар Түркия чемпионатында шетелдік легионер ретінде қарастырылады. Егер бұл бастама мақұлданса, қазақстандық және басқа да түркі елдерінің футболшыларына арнайы мәртебе беріліп, легионер лимиттері жеңілдетілуі немесе мүлде алынып тасталуы мүмкін. Бұл өз кезегінде түркиялық клубтардың қазақстандық ойыншыларға деген қызығушылығын арттыра түспек.
Бұл бағыттағы нақты шешімді Түркия Футбол федерациясы алдағы уақытта қабылдайды деп күтілуде.



