Анкара қаласының «2026 жылғы Түркі әлемінің туристік астанасы» болып жариялануына орай ұйымдастырылған Техникалық қолдау бағдарламасына қол қою рәсімінде аймақтық интеграцияны жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастамалар таныстырылды.
Жиын барысында Түркі мемлекеттерімен қарым-қатынас басқармасының басшысы Күршад Зорлу сөз сөйлеп, бауырлас елдер арасындағы туристік байланыстарды нығайтудың стратегиялық бағыттарын бөлісті.
Оның айтуынша, туризм тек экономикалық кіріс көзі емес, ең алдымен 300 миллиондық түркі дүниесін бір-бірімен тығыз байланыстыратын берік мәдени көпір болып табылады.
««ID-карта» (жеке куәлік) жүйесін барлық бауырлас елдерді қамтитындай етіп ауқымды түрде кеңейту көзделіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл маңызды бастама толық жүзеге асқан жағдайда түркі әлемінің азаматтары шетелдік төлқұжаттың (паспорттың) көмегінсіз-ақ өзара еркін саяхаттай алатын болады», -деп мәлімдеді Күршад Зорлу.

Қазіргі уақытта Түркия, Әзербайжан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы арасында сәтті қолданылып жатқан халықаралық төлқұжатсыз, тек ішкі жеке куәлікпен саяхаттау тәжірибесін барлық түркі мемлекеттеріне кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда.
Сонымен қатар, жастар мен саяхатшылардың сұранысын ескере отырып, «Ортақ музей картасы» жобасы қолға алынбақ. Бұл бастама түркі әлемінің бай тарихи-мәдени мұрасымен танысуды әлдеқайда қолжетімді етпек.
Айта кетейік, ынтымақтастық тек туризммен шектелмейді. Жаһандық экологиялық күн тәртібі аясында өтетін COP31 халықаралық саммиті шеңберінде де алғаш рет «Түркі мемлекеттерінің арнайы сессиясын» өткізу көзделіп отыр.



