Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, қазақстандық көрерменді түрік кинематографиясының үздік туындыларымен таныстыру мақсатында 26–30 қараша аралығында Астанада «Түрік киносы күндері» өтеді.
Іс-шараны «Yerli Düşünce» («Ұлттық таным») қауымдастығы Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының және Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Бес күнге созылатын мәдени іс-шара аясында қазақстандық көрермен халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланған, «Оскар» сыйлығына ұсынылған және түрлі жанрдағы 6 фильмді тамашалай алады.
Танымал түрік актерлері Астанада жанкүйерлерімен кездеседі
Түрік киносы күндерінің салтанатты ашылуына Түркияның Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен (Birol Güven), Қазақстандағы Түркия Елшісі Мұстафа капуджу қатысатыны күтіледі.
Сондай-ақ түрік киносы мен телехикаялары арқылы қазақстандықтарға танымал болған актерлер Рыза Коджаоглу (Rıza Kocaoğlu, «Шүкір» («Çukur»), «Тағдыр жалыны» («Alev Alev»), «Қилы күндер» («Karadayı»), Илай Еркөк (İlay Erkök, «Жүректегі күз» («Hercai») және Сезгин Ердемир (Sezgin Erdemir, «Қайта оралу: Ертұғырыл» («Diriliş: Ertugrul»), «Осман» («Kuruluş: Osman»); режиссерлер Али Өзел (Ali Özel), Угур Йаджыоглу (Uğur Yağcıoğlu) мен Айдын Сарман (Aydın Sarman); сценарист Пынар Йаджыоглу (Pınar Yağcıoğlu) қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, көрерменмен жүздеседі.
Түрік киносы күндері биылғы қараша айында Түркияда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 саммитінде көрермен назарына ұсынылған 5 экологиялық фильмнің бірі – «Diğerkam» («Өзгенің игілігі үшін») туындысын көрсетумен ашылады.
Қысқаметражды фильмнің сценарий авторы – Пынар Йаджыоглу, режиссері – Угур Йаджыоглу, басты рөлдерді Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдайды. Туындыда адам мен қоршаған орта арасындағы байланыс және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады.
«Diğerkam» фильмін түсіру кезінде экологиялық стандарттар басшылыққа алынған. Атап айтқанда, түсірілім барысында атмосфераға зиянды барынша азайту, бір рет қолданылатын заттардан бас тарту, сондай-ақ декорациялар мен костюмдерді қайта кәдеге жарату мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.
«Оскар» сыйлығына ұсынылған түрік фильмі көрсетіледі
Сонымен қатар 26 қараша күні 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымына Түркия атынан ресми ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Бұтақсыз қалған ағаштай») фильмі де көрсетіледі. Жанры – драма. Басталуы – 19.30. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 6+
Картина режиссері – Тунч Давут, басты рөлдерді Фейяз Думан, Али Ипин және Селен Куртаран сомдайды.
Босфор кинофестивалінде бірнеше марапатқа ие болған картина
27 қарашада Түрік киносы күндері аясында 14-ші Босфор кинофестивалінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актриса» және FİYAB ұйымының «Үздік продюсер» марапаттарын жеңіп алған «Beklenti» («Үміт») фильмі көрсетіледі. Жанры – драма. Басталуы – 18.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 18+
Режиссер Али Өзел («Алтын апельсин» сыйлығының иегері) продюсерлік етіп, түсірген фильмде Озан Дағара, Хакан Салынмыш, Берк Өзтүрік және Дуйгу Шен ойнайды.
Фильмде Анадолының шалғай ауылдарының бірінде дәрігер әйел өлі күйінде табылғаннан кейін туындаған күдік, алаңдаушылық пен түрлі қауесеттер төңірегінде өрбитін оқиғалар баяндалады.
Драмадан комедияға дейін: кино мерекесі
28 қарашада көрермен назарына Ибрахим Бүйүкак пен Емрах Агуш режиссерлік еткен «Mutluyuz Mu?» («Бақыттымыз ба?») комедиялық фильмі ұсынылады. Жанры – комедия. Басталуы – 20.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 6+
Туындыда басты рөлдерді Ибрахим Бүйүкак пен Ясемин Сакаллыоглу сомдайды.
«Rafadan Tayfa: Kapadokya» – балаларға арналған анимациялық фильм
29 қарашада қазақстандық көрерменге «Rafadan Tayfa: Kapadokya» («Рафадан Тайфа: Каппадокия») анимациялық фильмі көрсетіледі. Басталуы – 16.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу жоқ.
Исмаил Фидан түсірген бұл туынды – балалар арасында кеңінен танымал «Rafadan Tayfa» анимациялық фильмдер топтамасының бесінші бөлімі және балалармен қатар, ересек көрерменнің де көңілінен шыққан туынды.
Түрік киносы күндері «Bak Postacı Geliyor» фильмімен қорытындыланады
Қазақстандағы «Түрік киносы күндері» 30 қарашада режиссер Йүксел Аксу түсірген «Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр») фильмімен аяқталады. Жанры — романтикалық оқиға. Басталуы – 18.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 6+
Картина оқиғасы 1950 жылдары Эгей теңізі жағалауындағы шағын қалашықта өрбитін фильмде пошта қызметкері Османның сүйіктісі Гүлизарға қосылу жолындағы талпынысы баяндалады. Фильмде басты рөлдерді Дениз Барут пен Озан Акбаба сомдайды.
Айта кетейік, фильмдерді тамашалау үшін алдын ала тіркелудің қажеті жоқ және кіру тегін. Барлық фильмдер қазақша субтитрмен көрсетіледі. Көрерменнің жас ерекшелігі бойынша шектеулерге назар аударуды сұраймыз!


