Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» диалогы аясында жастармен кездесу өтіп, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау мәселелері талқыланды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жылдық іс-шаралар жоспары бекітіліп, соның аясында түсіндіру жұмыстары мен кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
– Тазалық – тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Бұл – қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты түрде назар аудару, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатын іс. Сонымен қатар, жастар мен жалпы халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру – маңызды бағыттардың бірі. Бүгін біз кең ауқымды акция өткізуді жоспарлаған едік. Алдымен түсіндіру жұмыстары, кейін аумақты тазалау. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты сенбілік кейінге шегерілді. Қазір акцияның мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатырмыз, – деді Ұлан ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Бигалиев.
Оның айтуынша, жоспарланған сенбілікке 300-ге жуық адам, оның ішінде ауылдық округтердің тұрғындары, жергілікті бизнес өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысуы тиіс болған.
– Бүгін біз Ұлан ауданы әкімдігі аппаратымен бірлесіп ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы диалогқа қатысып отырмыз. Әкімдікпен әріптестігіміз бұрыннан қалыптасқан, біз аумақтарды тазалау жұмыстарына бірнеше рет қатысқанбыз. Президент бастамасын қолдаймыз, өйткені тазалық тек көшені жинаудан емес, әр адамның ішкі мәдениетінен басталады. Экологиялық тәрбие бала кезден қалыптасуы керек. Биыл да осы маңызды бастамаға атсалысып, оның идеясын қолдауды жалғастырамыз, – деді «Өскемен құс фабрикасы» АҚ қоршаған ортаны қорғау инженері Алина Лебедева.



