Сарбаздардың асханасы мен казармасы назарда: әскери бөлімге тосыннан тексеру жүргізілді

Сарбаздардың анасы Ұлттық ұланның Өскемендегі әскери бөлімінде болды
«Аналардың жүректері» сарбаздар аналары республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша өкілі Марфуға Бармашикова Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде болды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімге барған қоғамдық бірлестік өкілі жұмыс барысында Ұлттық ұлан сапына қосылған сарбаздарға сұрақтар қойып, жасырын сауалнама жүргізді. Мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқандар болса, сарбаздар анасының әр сауалына тайынбай, барынша толыққанды жауап беруге тырысты. Марфуға Шаймұратқызына оларға жасалған жағдайдың қолайлылығын айтып, тамақтану мен медициналық қызмет түрлеріне көңілдері толатындығын жеткізді. Шара барысында сарбаздар анасы әскери бөлім асханасына кіріп, ас мәзірімен танысып, әр тағамның жарамдылық мерзіміне баса назар аударды. Одан кейін құрылысы қарқынды жүріп жатқан үш жүз сарбазға арналған казармаға кіріп, жаңартылған инфрақұрылымдармен танысты.
- — Мен бүгін Өскемендегі Ұлттық ұлан сарбаздарымен жүздестім. Мерзімді әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Тексеріс барысында әрбір әскери бөлімінің жұмысына көңілім толды. Жалпы, бүгінге күнге дейін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздардың ата-аналарынан бізге өтініш түскен емес. Керісінше, сарбаздардың жақындары әскери бөлім қызметкерлеріне өз алғыстарын жаудыруда, — дейді «Аналардың жүректері» сарбаздар аналары республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Марфуға Бармашикова.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



