
Әділетті қоғам қалыптастыру үшін әрбір азаматтың өз құқығын қорғауға нақты мүмкіндігі болуы қажет. Сот жүйесінің тәуелсіздігі, заңның үстемдігі және құқықтық кепілдіктердің сақталуы мемлекетке деген қоғамдық сенімнің негізгі факторлары болып саналады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында әр адамның сот арқылы қорғалу құқығы бекітілген. 12-бапқа сәйкес әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Сонымен қатар заңға сәйкес білікті заң көмегін алу құқығы танылады.
Ата Заңның 18-бабында жеке бас бостандығы мен оған қол сұғылмау кепілдіктері белгіленген. Адам ұсталған сәтте оған бостандығын шектеу негіздері мен құқықтары түсіндірілуге тиіс. Ұсталған адамның адвокат көмегін пайдалануға құқығы бар.
19-бапта кінәсіздік презумпциясы бекітілген. Яғни заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі деп танылмайынша, адам қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп есептелмейді. Сонымен қатар ешкім өзіне, жұбайына және заңда белгіленген жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
Мұндай нормалар адамның құқықтарын қорғау мен сот төрелігінің әділ жүзеге асырылуы үшін маңызды құқықтық негіз қалыптастырады.
Конституциялық Соттың қызметі де конституциялық бақылау жүйесінде ерекше орын алады. Оның міндеті – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және конституциялық нормалардың сақталуына бақылау жасау.
Улытау облысында сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуі, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сот қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және цифрлық сервистерді дамыту маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Әділ сот – азаматтың заң алдындағы құқығын қорғайтын маңызды институт. Ал құқықтық мемлекеттің беделі әрбір адамның әділдікке қол жеткізе алу мүмкіндігімен өлшенеді.



