2026 жылдың 16–17 шілдесінде «Вагиф поэзия күндері» аясында Әзербайжанның мәдениет астанасы Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігі және Гейдар Әлиев қорының қолдауымен ұйымдастырылған «ІІ Түркі әлемі жас ақындар фестивалі» өтті. Түркі әлемінің алты елінен келген жас ақындардың басын қосқан бұл шара ортақ әдеби мұраны ұлықтау және мәдени бірлікті нығайту тұрғысынан маңызды халықаралық шараға айналды, деп хабарлайды ТҮРКСОЙ ұйымының баспасөз қызметі.
Фестивальдің салтанатты ашылуында Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрі Адиль Керимли, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Мұса Казым Ариджан, Түркия Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Энес Кала, Әзербайжан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Селим Бабуллаоглы, Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Атантай Акбаров, Өзбекстан Жазушылар одағының атынан Дильфуза Каршибоева, Түрікменстан Мәдениет министрлігінің өкілі Акмурат Реджепов, Әзербайжанның Халық ақыны Вахид Азиз және түркі әлемінің көптеген танымал ақындары, жазушылары, ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Марапаттар Шушада табысталды
«ІІ Түркі әлемі жас ақындар фестивалінің» марапаттау рәсімі «Вагиф поэзия күндерінің» символдық орындарының бірі – Молла Панах Вагиф музей-кесенесінің алдында өтті.
Үздік шыққан жас ақындарға медальдар мен сертификаттарды Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрі Адиль Керимли мен Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев табыс етті.
Фестиваль қорытындысы бойынша жүлдеге ие болған жас ақындардың тізімі төмендегідей:
Әзербайжан
- Надир Рызалы
- Камал Гусейнзаде
- Турал Балабейли
Қазақстан
- Әлия Іңкәрбек
- Құндыз Жұбаева
- Нұртілеу Қадырқұл
- Еділбек Дүйсенов
- Мақсат Дауылбай
Қырғызстан
- Мелис Маматжан уулу
- Ырысгүл Изатова
- Мақсат Жанғазиев
Өзбекстан
- Мадина Норчаева
- Ислом Бобокулов
- Аллаяр Дарменов
Түркия
- Эмре Демир
- Мелике Явузай
- Үмит Чичекчи
Түрікменстан
- Гараханжар Байханов
- Керим Халлыев
- Юсуп Мередов
Сұлтан Раев: Мәдениет пен поэзия көңілдерді тоғыстырады
Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Шуша қаласының түркі әлемінің мәдени жадында ерекше орын алатынын атап өтіп, бұл шараның ортақ тарих, ортақ тіл және ортақ мәдениет төңірегінде тоғысудың ең жарқын үлгілерінің бірі екенін білдірді.
Сұлтан Раев өз сөзінде мемлекеттерді шекаралар бөлуі мүмкін екенін, алайда мәдениет, өнер мен поэзияның жүректерді біріктіретінін баса айтты. Ол Юнус Эмреден Молла Панах Вагифке, Абайдан Мақтымқұлы мен Жолон Мамытовқа дейін жалғасқан ортақ әдеби мұра түркі әлемінің ең қуатты рухани байланысы екенін жеткізді.
Ұйымның жас ақындар мен жас өнерпаздарға үлкен мән беретінін айтқан Сұлтан Раев, былтыр Қырғызстанның Ош қаласында ұлы ақын Жолон Мамытовтың құрметіне алғаш рет ұйымдастырылған фестивальден кейін, биыл Шушада өткен екінші шараның дәстүрге айналу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл фестивальдің жыл сайын түрлі түркі жұртында ұйымдастырылып, тұрақты мәдени үрдіске айналуын қалайтынын жеткізген Бас хатшы жастардың бір-бірін тануы түркі әлемінің болашағы үшін аса маңызды екенін айтты.
Жас ақындар «Вагиф поэзия күндері» бағдарламаларына қатысты
Фестиваль аясында жас ақындар Шушада өткен поэзия кештеріне, мәдени іс-шараларға, панельдік пікірталастар мен шығармашылық кездесулерге қатысты. Шушаның тарихи және мәдени орындарын аралаған қатысушылар Әзербайжанның бай әдебиеті мен мәдени мұрасын жақыннан тануға мүмкіндік алды.
Алғыс хат
Фестивальдің салтанатты жабылуында сөз сөйлеген Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев «ІІ Түркі әлемі жас ақындар фестивалін» жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі үшін ең алдымен Гейдар Әлиев қорына, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли мырзаға, Әзербайжан Мәдениет министрлігіне, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан барлық мекеме мен ұйымдарға, қазылар алқасына, ұйымдастыру тобына, бағдарламаға қатысқан ақын-жазушыларға, ғалымдарға және еңбегі сіңген баршаға алғыс білдірді.
Шара соңында қатысушылар естелікке ортақ суретке түсті.



