Шешек асуында Шығыс Қазақстан картасы бейнесіндегі экопарк ашылды
Шешек асуында ерекше форматтағы жаңа экопарк ашылды. Саябақ аумағы Шығыс Қазақстан облысының картасы үлгісінде жасалған. Ашылу салтанатында өңірдің 13 қаласы мен ауданынан келген өкілдер осы символикалық аумақта ағаш көшеттерін отырғызды.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы өңірде кең көлемде жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Облыста табиғатқа және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениеті қалыптасып келеді. Бүгінгі шара – осы ауқымды бастамалардың нақты нәтижесі, ел бірлігі мен берекесінің айқын көрінісі. ШҚО картасы түрінде жасалған аумақта әр қала мен ауданның өкілдері ағаш отырғызып, облыс орталығын көркейтуге өз үлесін қосады, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі жаңа саябақтың келешек ұрпаққа арналған игі мұраға айналуы тиіс екенін айтты. «Таза Қазақстан» экопаркі аясында бес мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр.
– Бүгінде Шешек асуы көпшілік жиналатын, балалар сүйіп баратын демалыс орнына айналып келеді. «Таза Қазақстан» экопаркі бұл аумақтың ажарын ашып қана қоймай, ортақ құндылықтар төңірегінде облыс тұрғындарын біріктіретін ерекше орын болады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ашылу күні акция қатысушылары 1500-ден астам жапырақты ағаш көшетін отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір қатысушы бұл аумақта өз ізін қалдырады, ал уақыт өте келе көшеттер қаланың жасыл келбетінің бір бөлігіне айналады.
– «Таза Қазақстан» экопаркі облыстың қала-аудандарын ортақ игі іске жұмылдырып отыр. Бұл – болашаққа жасалған инвестиция, келер ұрпаққа арналған сый, – деді өңір басшысы.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Шешек демалыс аймағын абаттандырудың екінші кезеңі туралы айтты. Бас жоспарға сәйкес, мұнда сахна, автотұрақ, кафе, жалға беру орындары, балалар ойын кешені, ойын алаңы, беседкалар, баскетбол алаңдары, футбол алаңы, әткеншектер мен дәретхана салу қарастырылған.
Шешек асуындағы жаңа парк тек экологиялық жоба ғана емес, маңызды қоғамдық кеңістікке айналмақ. Ұйымдастырушылар бұл аумақ танымал демалыс орнын толықтырып, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін, әсіресе балалармен демалатын отбасылар үшін тартымды орын болады деп есептейді. Экопарктің басты мәні – әдемі көрініс қалыптастыру ғана емес, басқармалар, департаменттер, кәсіпорындар, қала және аудан әкімдіктерінің бюджеттен тыс қаражат есебінен өңірді көгалдандыру мен абаттандыруға ортақ үлес қосуы.



