БастыҚоғам

Қырғызстанда балаларды жүк көлігі қағу оқиғасына байланысты 21 шенеунік жазаланды

Қырғызстанның Жалал-Абад облысының Созақ ауданында болған оқиға салдарынан 30-дан астам мектеп оқушысы зардап шеккен оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша ведомствоаралық комиссияның жұмысы аяқталды.

– 2 мамырда Созақ ауданы Жерге-Тал ауылында өткен «Ұраным Манас» мәдени шарасы кезінде болған оқиғаның мән-жайы анықталды. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссияның қорытындысында аталған шараны ұйымдастырушылар қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбағаны аталып өтті. Әсіресе, облыстық, аудандық ішкі істер органдарының басшылары өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің жауапты тұлғаларының аудандық және облыстық басқармалармен дұрыс әрекет етпегені анықталды», – делінген ведомство хабарламасында.

Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу барысында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшыларына «Ұраным Манас» конкурсын өткізудің нақты күні туралы хабарланбағаны туралы жекелеген фактілер анықталды. Іс-шараны ұйымдастыру мәселелері 1 мамырдан 5 мамырға дейінгі күндер жұмыссыз деп жариялануына байланысты қиындай түскен.

– Ведомствоаралық комиссия оқиғаның мән-жайын тексеру нәтижесі бойынша тәртіптік жазалар жариялауды, сондай-ақ тиісті министрліктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары мен қызметкерлерін атқаратын қызметінен босатуды ұсынды. Барлығы 21 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 6 лауазымды тұлға қызметінен босатуға ұсынылды, – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға аудан бойынша 18 мектептен барлығы 2878 оқушы мен 341 мұғалім қатысты. Бұл ретте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол полициясы бөлімінен екі-ақ инспектор жұмылдырылған.

Осыған дейін Қырғызстанда балмұздақ тиеген жүк көлігі 29 баланы қағып кеткенін жазған едік.

Кейінірек Қырғызстанда 29 баланы қаққан көлік жүргізуші ұсталғанын хабарладық.

Сондай-ақ осы оқиға бойынша 12 полиция қызметкері жазаланғаны хабарланды.

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button