Қоғам

Өскеменде Ұлттық ұлан сарбаздарына прокурорлық кеңес берілді

Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты республикалық профилактикалық іс-шара өтті. Жиынға Өскемен гарнизоны әскери прокуратурасының ардагерлері қатысып, сарбаздармен тағылымды кездесу өткізді.

Іс-шара ашық есік күнінен басталды. Оған әскери прокуратура өкілдерімен қатар қала колледждерінің студенттері де қатысты. Қонақтарға жедел мақсаттағы жауынгерлік топтың іс-қимылдары көрсетіліп, арнайы бөлімшенің заманауи қару-жарағы, әскери киім үлгілері мен арнайы жабдықтары таныстырылды.

Әсіресе әскери техника мен арнайы құралдардың көрмесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесудің негізгі бөлімі әскери бөлім клубында өтті. Жиында Өскемен гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Есжан Сыбанбаев сөз сөйлеп, әскери тәртіп пен заң талаптарын қатаң сақтау маңызды екенін атап өтті. Ол кез келген құқықбұзушылықтың салдары ауыр болатынын ескертіп, әскердегі әлімжеттік пен өзге де заңсыз әрекеттердің алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды.

Шара барысында прокуратура органдарының ардагерлері Виктор Подрезов пен Ғазиз Найзабаев та сөз алып, қызметтік тәжірибелерімен бөлісті. Олар мерзімді әскери қызметтің жас сарбаздардың тұлға болып қалыптасуындағы маңызына тоқталды.
Кездесу соңында әскери борышын үлгілі атқарып жүрген бірқатар әскери қызметші Отан қорғаушылар күніне орай марапатталды. Шара естелік суретке түсумен аяқталды.

Өз кезегінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев профилактикалық іс-шараға қатысқан қонақтарға алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің жеке құрам тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтты.

TuraNews

Back to top button