Мәдениет

Музейлер түні: Ұлттық музейге бір түнде 47 мыңнан астам барды

Елордадағы Ұлттық музейде Халықаралық музейлер күніне орай «Музейлер түні» атты ауқымды халықаралық акция өтті, деп хабарлайды Turanews.kz.

Ұлттық музейде өткен «Музей түні» халықаралық акциясына барлығы 47 мыңнан астам адам барды. Осылайша, өткен жылғы рекорд жаңартылды. Былтыр шараға 30 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жазды,

«Ең алдымен, музейдің кіреберісіндегі бірнеше метрлік кезек пен келушілерге толы залдарға көзім түсті. Ауа райының жайсыздығы мен кешкі уақыт болғанына қарамастан, адамдар отбасылармен келіп жатты. Осыған байланысты, ауданы 74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музейге барлық тілек білдірушілер әрең сыйды, ал кейбір залдарда мүлдем ине шаншар орын болмады. Алайда көтеріңкі көңіл-күй, достық, отбасылық және шынымен мерекелік атмосфера болғанын айта кету керек», — деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.

Музейлер түні – отандық мәдениет қызметкерлері күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігі.

Асхат Оралов республиканың әр өңірінен келген үздік музей қызметкерлерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттағанын атап өтті.

«Ұлттық музей қабырғасында концерттік және ойын-сауық бағдарламасы, ойындар, квесттер, дәрістер, музей реставраторларының шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған экскурсиялар және бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырылды. Келушілер «Музейлер түніне» арнайы дайындалған кітап және авторлық қуыршақтар көрмесін тамашалады, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен басқа да танымал тұлғалар экскурсия өткізген «Жұлдызды гид» жобасына қатысты», — деді ол.

Министрдің сөзінше, жуырда ашылған Палеонтология залына қонақтар ерекше қызығушылық танытқан. Іс-шарада шетелден келген қонақтар да болды.

TuraNews

Back to top button