ӘлемСаясат

Министрлік: «Қазақстан 2 трлн теңгеге түрік бронды техникасын сатып алайын деп жатқан жоқ»

Қорғаныс министрлігі мен түріктің «Otokar» компаниясы арасында 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техника сатып алуға келісім жасалған жоқ. Ведомство аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Turanews.kz.

«Бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ. «Otokar» компаниясы – бронды техника өндірушілердің бірі ғана, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлаған болатын. Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады», – дейді министрлік.

Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтан өтіп жатыр.

Оның нәтижесі бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалады.

Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілеріне қажеттілік бар.

Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасына басымдық беріледі.

«Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз»,- дейді ведомстводан.

 

TuraNews

Back to top button