Күршад Зорлу: Қазақстанның Орта дәліз бен Зангезур бағытындағы бастамасы өте маңызды
Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымы Түркия тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Түркияның Кожаэли қаласында өткен түркі әлемі жастарының басқосуында сөз сөйлеген Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысы Күршад Зорлу жаһандық дағдарыс кезеңінде түркі елдерінің тығыз ынтымақтастығы ауадай қажет екенін атап өтті.
Саясаткердің пікірінше, бұл ретте Нахчыван мен Әзербайжан арасындағы көлік дәлізін темір жол және өзге де инфрақұрылым арқылы Орта дәлізге ұштастырудың маңызы ерекше. Аталған транзиттік әлеует толық іске қосылса, Азия мен Еуропаны байланыстыратын логистикалық артериялардың қуаты еселене түспек.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіргім келеді. Ол жақында Әзербайжан мен Нахчыванды жалғайтын Зангезур дәлізін Орта дәлізге қосу жөнінде қажетті жұмыстар жүргізуді ұсынды. Каспий теңізі жағалауындағы стратегиялық маңызы бар бауырлас мемлекеттен шыққан бұл бастама өте маңызды. Біз қазір Анатолияда Каспийдің жағасындағы басқа бір мемлекетпен осы үлкен сауда дәліздерінің бір-бірімен тоғысуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан ешкімнің мұны тоқтатуына жол бермейміз. Біз біріккенде, бір болғанда алдағы ғасырды баршамыз бірге Түркі әлемі ғасырына айналдыратынымызға шын жүректен сенемін», – деді Күршад Зорлу.



