Kaspi.kz Түркияның Банктік реттеу және қадағалау агенттігінен (BDDK) Rabobank A.Ş. банкін сатып алуға ресми мақұлдау алды. Мәміленің аяқталуы стандартты шарттардың орындалуымен 2026 жылдың шілде айына жоспарланған.
«Түркияда Rabobank A.Ş. банкін сатып алуға BDDK мақұлдауын алғанымызға қуаныштымыз. Бұл — Kaspi.kz үшін маңызды кезең және түрік нарығындағы бизнесімізді дамыту жолындағы үлкен қадам. Бүкіл процесс барысындағы сындарлы өзара іс-қимыл үшін BDDK-ға және тиісті органдарға алғыс айтамыз. Kaspi.kz — Қазақстанның жетекші технологиялық компаниясы және Түркияда бизнесімізді өрістету біз үшін үлкен мәртебе. Мәміле аяқталғаннан кейін біз төлемдер, электронды коммерция және финтех саласындағы тәжірибемізді қолдана отырып, Түркиядағы тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біз бұл жолдың басында тұрмыз және Kaspi.kz алдында ашылатын әлеуетке зор ықыласпен қараймыз», — деп атап өтті Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.
Бұған дейін Kaspi.kz Rabobank тобымен оның түрік еншілес компаниясы — Rabobank A.Ş. акцияларын сатып алу-сату шартына қол қойған болатын. Rabobank A.Ş. — Түркиядағы лицензиясы бар банк, оның қарыз алушы клиенттері немесе салымшылары, сондай-ақ филиалдық желісі жоқ.
Kaspi.kz туралы
Kaspi.kz-тің миссиясы — клиенттер мен серіктестердің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтер жасау. Қазақстан мен Түркияда Kaspi.kz қызметтерін 25 миллионнан астам клиент пен 900 мың серіктес пайдаланады. Қазақстанда Kaspi.kz суперқосымшасы төлемдерді, электронды коммерцияны, онлайн-супермаркетті, финтехті, саяхатты, хабарландыруларды, мемлекеттік қызметтерді және басқа да күнделікті сервистерді біріктіреді. Түркияда Kaspi.kz елдегі жетекші электронды коммерция платформаларының бірі — Hepsiburada-ға иелік етеді.



