Әлем

Бүгін Түркияда Мұстафа Ататүрікті еске алу күні атап өтілуде

Жыл сайын 10 қарашада Түркия қазіргі Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүркті өмірден өткен күніне орай құрметпен еске алады, деп хабарлайды TuraNews.kz.

10 қарашада Түркия көшелерінде бір сәтте барлық көлік пен жаяу жүргіншілер тоқтап, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұңғыш Президент, реформатор, әскери қолбасшы Мұстафа Кемал Ататүрікке құрмет көрсетеді. Ол 1881 жылы дүниеге келіп, 1938 жылы 10 қарашада өмірден озды. Содан бері әр жылы дәл осы уақытта Түркия бойынша еске алу рәсімдері өтеді.

Ататүрктің басшылығымен жүзеге асырылған негізгі реформалар:

  • Республиканың жариялануы: 1923 жылы 29 қазанда Түркия Республикасының құрылғанын жариялады.

  • Азаматтық кодекс және әйелдер құқығы: 1926 жылы 17 ақпанда Азаматтық кодексті қабылдады және 1930–1934 жылдар аралығында әйелдерге сайлау және сайлану құқықтарын берді.

  • Зайырлылық принциптері: 1928–1937 жылдары мемлекеттің зайырлылығын Ата заң аясында нығайтты.

  • Ғибадат орындарын жабу: 1925 жылы 30 қарашада тариқаттарды жою, ғибадат орындары мен дәргаһтарды жабу туралы заңды бекітті.

  • Киім және бас киім реформасы: 1925 жылы 25 қарашада ерлердің киім үлгісін Батыс нормаларына сәйкестендіретін «Бас киім» және «Киім» заңын қабылдады.

  • Өлшемдер мен күнтізбені стандарттау: 1931 жылы 23 наурызда қабылданған заңмен ескі өлшемдердің орнына грамм, килограмм, тонна, метр, километр сияқты халықаралық стандарттарды қолданысқа енгізді.

  • Тегі туралы заң мен атақтарды жою: 1934 жылы 21 маусымда әрбір азаматқа тегін алуды міндеттейтін заң қабылданды. Түркия Парламенті Мұстафа Кемалға «Ататүрк» тегін беріп, 1934 жылы 17 желтоқсанда бұл фамилияны басқа адамдардың пайдалануына тыйым салды. Сондай-ақ «аға», «паша», «молла», «ханым» сияқты артықшылық білдіретін ескі атақтар жойылды.

  • Білім реформасы: Медреселердің орнына Анадолының әртүрлі қалаларында кәсіптік мектептер, техникумдар, мұғалімдер даярлайтын оқу орындары мен лицейлер ашты.

  • Латын алфавитіне көшу: Түрік тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес келетін латын әріптеріне негізделген жаңа түрік алфавитін енгізді.

  • Тіл реформасы: 1932 жылы 12 шілдеде түрік тілін зерттеу қоғамын (кейіннен Түрік тілі институты) құрып, түрік тілін ғылым мен білім тіліне айналдыруды көздеді.

TuraNews

Back to top button