БастыМәдениет
Trending

Астанада түрік киносы күндері басталды

Елорда төрінде бауырлас түрік халқының рухани әлемі мен кино өнерін жақынырақ тануға мүмкіндік беретін «Түрік киносы күндері» шымылдығын түрді. 26–30 қараша аралығында өтетін ауқымды мәдени шара аясында астаналық көрермендер заманауи түрік кинематографиясының таңдаулы алты туындысын қазақ тіліндегі субтитрмен тегін тамашалай алады, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Түркі дүниесінің мәдени ықпалдастығын тереңдетіп, екі бауырлас елдің рухани сабақтастығын нығайтуды көздейтін жобаға «Yerli Düşünce» қауымдастығы, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Кинематография бас басқармасы және Түркияның Қазақстандағы Елшілігі ұйытқы болып отыр.

Фото: Astanalife.kz

Ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Түркияның Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен, сондай-ақ қазақ көрерменіне «Шұңқыр» (Çukur), «Ертұғырыл» (Diriliş: Ertuğrul), «Осман» (Kuruluş: Osman) және «Жеңілтек» (Erkenci Kuş) сынды танымал сериалдар арқылы етене таныс Рыза Коджаоглу, Илай Еркөк, Сезгин Ердемир бастаған жұлдыздар мен белгілі режиссерлер арнайы келді.

Фото: Kazinform

Салтанатты рәсімде сөз алған Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу түрік кинематографиясының әлемдік деңгейдегі ықпалына тоқталып, шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша тарапқа алғысын білдірді:

«Түрік киносы бүгінде жаһандық танымалдылығының арқасында түрік тілі мен төл мәдениетімізді бүкіл әлемге кеңінен танытуда. Осындай маңызды мәдени іс-шараның жүзеге асуына еңбек сіңірген Гүндоғду мырзаға, министрлігімізге, бауырлас Қазақстан мемлекетіне және кешіміздің құрметті қонақтарына шынайы алғысымды білдіремін», – деді Елші Мұстафа Капуджу.

Фото: Astanalife.kz

Өз кезегінде Түркияның Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен де түбі бір түркі жұртының өнер арқылы үндесуі маңызды екенін атап өтті:

«Бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түскенін қалаймыз. Мұндай іс-шаралардың орны бөлек. Өйткені Қазақстан мен Түркияны ортақ мәдениет, тіл, дін мен тамырлас тарих байланыстырады. Сондықтан рухани құндылықтарымызды арқау еткен кино туындыларымызды бір-бірімізге кеңінен таныстыруымыз қажет», – деді Бирол Гүвен.

Фото: Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай екі ел арасындағы шығармашылық байланыстардың тарихи және мазмұндық тереңдігіне тоқталып, бауырлас Түркия тарапына ризашылығын білдірді:

«»Қорқыт ата“ кинофестиваліне қатысқан фильмімізге берген жоғары бағаларыңыз үшін көп рақмет. Сондай-ақ қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қосқан зор үлесі үшін Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің өкілдеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бұл біздің ортақ мәдени-рухани тамырымыздың қаншалықты берік екенін көрсетеді», – деп атап өтті Аймахан Алтынбай.

Фото: Astanalife.kz

Көрермен назарына қандай фильмдер ұсынылады?

Кино күндері COP31 жаһандық климат саммитінде таныстырылған, адам мен табиғат үйлесімін суреттейтін «Diğerkam» («Өзгенің игілігі үшін») қысқаметражды туындысымен және Түркия атынан 99-шы «Оскар» жүлдесіне ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Бұтақсыз қалған ағаштай») драмасымен басталды.

Алдағы күндері елордалық кино сүйер қауым келесі туындыларды тамашалай алады:

  • 27 қараша: 14-ші Босфор кинофестивалінің жүлдегері атанған «Beklenti» («Үміт») драмасы;

  • 28 қараша: «Mutluyuz Mu?» («Бақыттымыз ба?») комедиясы;

  • 29 қараша: Бүлдіршіндер мен отбасылық көрерменге арналған «Rafadan Tayfa: Kapadokya» анимациялық фильмі;

  • 30 қараша: Белгілі режиссер Йүксел Аксудың «Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр») романтикалық фильмі.

Барлық көрсетілімдерге кіру тегін әрі алдын ала тіркелуді қажет етпейді. Бұл жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени дипломатияның жаңа белесіне айналып, ортақ түркі өнерінің көкжиегін кеңейте түспек.

TuraNews

Back to top button