
Елордадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, №70 мектеп-лицейде, Еңбек мобильділігі орталығында және №6 қалалық емханада халықты әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбында кездесулер өтті. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы негізгі бағыттарды, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және халықтың түрлі санаттары үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесулерде әлеуметтік реформаларды іске асыру, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен аға буын өкілдеріне көмек көрсету мәселелері талқыланды. Спикерлер жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың өмір сапасын жақсарту және адам мүддесі мен әл-ауқатын бірінші орынға қоятын мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Мемлекет басшысы белгілеген барлық бастаманы заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламенттің міндеті екенін айтты. Оның сөзінше, алға қойылған міндеттерді орындау үшін бюджет қаражатымен қатар квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің, даму институттары мен отандық бизнестің ресурстарын тарту қажет.
Ол өз сөзінде әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуына ерекше назар аударды. Ольга Перепечинаның айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілуі керек. Сонымен қатар әлеуметтік реформалар халыққа қосымша кедергілер тудырмауға тиіс.
Спикер алдағы уақытта ең төменгі жалақы мөлшерінің өсетініне де тоқталды.
«2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделген. Бұл өзгеріс 1,8 миллион азаматқа, оның ішінде бюджет саласының 370 мың қызметкеріне әсер етеді. Сонымен қатар жалақының өсуін әр адам сезінуі керек. Оның әсері инфляцияның өсуі, бірінші кезекте қажетті тауарлар мен коммуналдық қызметтер бағасының қымбаттауы салдарынан жойылып кетпеуі тиіс. Әр адам жалақысын алып, дүкенге барған кезде сол қаражаттың ең қажетті заттарды сатып алуға шынымен жететінін сезінуі маңызды. Сондықтан Үкімет, жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер мен тиісті ведомстволар алдында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және еліміздегі тариф саясатын реттеу міндеті тұр», – деді ол.
Тағы бір маңызды тақырып – «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру. 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған. Ольга Перепечинаның айтуынша, қаражатты бөлу кезінде демографиялық болжамдар, өңірлердің қажеттіліктері мен нысандарға ұзақ мерзімді сұраныс ескерілуі керек. Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде оңалту орталықтарын салу бар.
Цифрландыру мәселесіне тоқталған спикер заманауи технологиялар халықтың өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтерді алуға кедергі келтірмеуі керек екенін атап өтті. Атап айтқанда, цифрлық сервистерді пайдалану қиындық тудыратын егде жастағы азаматтар мен басқа да тұрғындар үшін мамандардың жеке қабылдауына барып, кеңес алу мүмкіндігін сақтау қажет. Сондай-ақ дербес деректерді қорғау мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы айтылды.
Әлеуметтік көмек жүйесін реформалаудың практикалық мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Әбілдаұлы баяндама жасады.
Ол мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жоспарлары туралы айтты. Атап айтқанда, отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа жүйесі алты негізгі бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Олар: табыс пен жұмыспен қамту, көлік пен техниканың болуы, бизнес активтері, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері, ауыл шаруашылығы техникасы мен мал саны, сондай-ақ несие жүктемесінің деңгейі.
«Қазақстандық отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай ауқаттыдан бастап осал топтарға дейінгі санаттарға бөлінеді. Ауқатты отбасыларға (А және В санаттары) жан басына шаққандағы табысы жеті күнкөріс минимумынан асатын азаматтар, ірі бизнес иелері, аумағы үлкен коммерциялық жылжымайтын мүлкі, қымбат көліктері мен ауқымды жер телімдері бар адамдар жатады. Олар бұдан былай атаулы жәрдемақы алмайды.
Ал осал топтарға жататын азаматтар (D және E санаттары), яғни табысы төмен отбасылар, жұмыссыздар, мерзімі өткен несиелері бар немесе жан басына шаққандағы тұрғын үй алаңы 18 шаршы метрден аз азаматтар мемлекеттік қолдаудың барлық түрін алады.
Негізгі кепілдіктерге келсек, қазіргі уақытта жәрдемақы алып жүрген Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар және басқа да азаматтар үшін барлық төлем бұрынғы көлемінде сақталады», – деді ол.
Отбасылардың жағдайын бағалау кезінде олардың әлеуметтік құрамы, яғни қарт адамдардың, мүгедектігі бар азаматтар мен балалардың болуы да ескеріледі. Үй шаруашылықтары әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай тиісті санаттарға бөлінеді. Спикердің айтуынша, мұндай тәсіл мұқтаждық деңгейін дәлірек анықтап, бюджет қаражатын шынымен көмекке мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар отбасылардың санаттарын автоматты түрде тексеру және қайта қарау көзделген. Егер үй шаруашылығының материалдық жағдайы өзгерсе, жүйе оған жедел жауап беріп, төлем алуға құқығы туындаған жағдайда қолдау автоматты түрде қайта тағайындалады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қате болған жағдайда қосымша тетіктері де қарастырылған.
Өз кезегінде Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай қоғамдық жауапкершілік, отбасының рөлі және мемлекеттің дамуындағы адамгершілік құндылықтар мәселелерін көтерді. Оның пікірінше, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру қоғамдық әдепті, жеке жауапкершілік пен заңға құрметті нығайтумен қатар жүруі тиіс.
Ол шағын және орта бизнестің рөліне де ерекше назар аударып, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бизнесті жауапкершілікпен жүргізу және заң талаптарын сақтау қағидаттарымен ұштасуы керектігін атап өтті. Спикердің айтуынша, заң мен тәртіп ең алдымен отбасынан, тәрбиеден және жеке өнегеден басталады.
Кездесу әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру жолдарын талқылауға мүмкіндік берді. Спикерлердің сөздері бір ортақ идея төңірегінде тоғысты: реформалар әр азамат үшін нақты нәтиже беріп, әділ қолдау, тең мүмкіндік, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен лайықты өмір сапасын қамтамасыз етуі керек.



