БастыҚоғамМәдениет

Аида Балаева: Жастар – еліміздің ең басты жасампаз күші

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық жастар күнімен құттықтады. 

— Баршаңызды Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жастар — еліміздің ең басты жасампаз күші. Бүгінде Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас азамат тұрады. Бұл — ел халқының үштен біріне жуық бөлігі. Қазақстанның ертеңі, мемлекеттің алдағы даму бағыты ең алдымен бүгінгі жас ұрпақтың біліміне, білігіне, азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығына байланысты.

Адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды өркендету, инновацияны қолдау Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекетті дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға артылған сенім мен жауапкершіліктің де жоғары екенін көрсетеді. Ендігі міндет — осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім мен еңбекті серік етіп, Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру, — деді ол.

Мемлекет басшысының бастамасымен жастар саясатына тың серпін берілді. Жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылып, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын азаматтардың қатары едәуір кеңейді.

— Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, баспаналы болуына, волонтерлік қызметпен айналысуына және қоғамдық бастамаларға белсене араласуына жан-жақты жағдай жасалып келеді. Бұл жұмыстың нақты нәтижелері де бар.

«Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекеттік қолдауға ие болды. Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болды. Биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды, — деді Аида Балаева.

Дарынды әрі талапты жастарды қолдау ісі де жүйелі түрде жалғасып келеді. Жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жас азаматтардың тың жобалары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы өз саласында үздік нәтиже көрсеткен жаңа буын өкілдеріне табысталады.

— Жастардың ел өміріне белсенді араласуының маңызы ерекше. Бүгінде мыңдаған жас волонтерлікпен айналысып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, «Таза Қазақстан» жобасына атсалысып жүр. Осындай нақты істер арқылы олар қоғамның дамуына, ел бірлігі мен ортақ құндылықтардың нығаюына өз үлесін қосуда.

Қазір елімізде 400-ден астам жастар ұйымы және 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Бұл ұйымдар жастардың бастамаларын қолдауға, олардың қабілеті мен әлеуетін ашуға, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан бүгінде цифрлық даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу кезеңіне қадам басты. Бұл үдерісте жастардың рөлі айрықша. Жаңа технологияны игеру, тың идея ұсыну, отандық ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы жас ұрпақ еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қоса алады, — деді ол.

Алда еліміз үшін аса маңызды тарихи кезең — Құрылтай сайлауы тұр. Партиялық тізімдерде жас кандидаттардың аз емес екені ерекше қуантады. Бұл жастардың азаматтық белсенділігі артып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға және мемлекет дамуына тікелей атсалысуға дайын екенін көрсетеді.

— Қадірлі жастар! Сіздердің білімдеріңіз бен жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңалыққа ұмтылыстарыңыз — Қазақстанның келешегіне салынған ең үлкен капитал. Біз сіздерге сенеміз, жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз және әрбір игі бастамаларыңызды қолдаймыз.
Алдарыңыздан әрдайым жаңа мүмкіндіктер ашылып, армандарыңыз орындала берсін. Сіздердің әрбір табыстарыңыз еліміздің ортақ жетістігіне айналсын! Халықаралық жастар күні құтты болсын, — Аида Балаева.

 

TuraNews

Back to top button