Өскемендік әскерилер қазақ күресінен жеңімпаз атанды

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жеті әскери бөлім қазақша күрестен кім мықтыны анықтады. Өскемен қаласында өткен сайыста жеті салмақ дәрежесінде бақ сынаған балуандар Павлодар, Семей Курчатов және Өскемен қаласындағы әскери бөлімдердің намысын қорғап, боз кілемде аянып қалмады.
— Ұлттық спорт түрлерін насихаттау шараның басты мақсаты. Қазақша күрес жауынгерлердің төзімділігін арттырып, шапшаңдығы мен ептілігін үдете түседі. Сондай-ақ тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандыратын спортың ұландықтар үшін маңызы зор. Сондықтан сайысқа әрбір әскери бөлімнің қатысушысы қызу дайындықпен келген, — дейді, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы майор Нұрсұлтан Мырзабеков.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 5518 әскери бөлімі жеңіске жетті. Ал екінші орынға Семей қаласынан келген 5511 әскери бөлімі жайғасса, үшінші орынды Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің спортшылары місе тұтты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, дипломдар, медальмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Марапаттау рәсіміне қатысқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев балуандарға спортпен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың қажеттілігін алға тартты.
Сонымен қатар қолбасшы әскери спортшыларға жылы лебізін жолдап, ұлттық спортқа бет бұрғандарға қошемет танытты.
Сайыста үздік өнер көрсеткен ойыншылар өзара іріктеліп маусым айында Тараз қаласында өтетін Ұлттық ұлан жауынгерлері арасындағы чемпионатта бақ сынайды. Олар дүбірлі додада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



