Қоғам

Ұлытауда Чернобыль апатының 40 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті

Аталған шараға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Н.Ғ. Кәріпбаев, ардагерлер, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, Чернобыль апаты адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі екенін атап өтті. Ол апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың жанқиярлығы мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, олардың батылдығы мен табандылығы өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала беретінін жеткізді.

Жиын аясында қатысушылар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, олардың ерлігіне тағзым жасалды.

Облыс тарапынан Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, бірқатар азамат Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімі Д.А. Рыспековтың арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, 1986 жылғы апаттың салдарын жоюға Қазақстаннан да мыңдаған азамат қатысып, өз өмірлері мен денсаулықтарын қатерге тіге отырып, апат зардаптарын азайтуға өлшеусіз үлес қосты.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерге құрмет көрсету, олардың ерлігін ұлықтау және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.

TuraNews

Back to top button