Қоғам

Еңбекпен өрілген ғұмыр: Алдаберген Бисеновтің 100 жылдығына арналған облыстық конференция өтті

Сыр өңірінің тарихында ел дамуына елеулі үлес қосып, еселі еңбегімен халықтың құрметіне бөленген тұлғалар аз емес. Солардың қатарында – Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті қайраткері Алдаберген Бисенов. Өнегелі өмірі мен еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болған қайраткердің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Осы айтулы мерейтойға орай бүгін «Құзыреттілік орталығында» «Еңбекпен өрілген ғұмыр: Алдаберген Бисеновтің өнегелі жолы» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Тағылымды шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ҚР Құрылтайының депутаты Шахмардан Байманов, Халық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, еңбек ардагерлері, Алдаберген Бисеновтің ұрпақтары, замандастары мен туыстары қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың мерейтойға орай жолдаған құттықтау хаттарын оқып, қатысушыларға табыстады.

Сондай-ақ, Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

— «Қазақ даласында елінің өркендеуіне бар күш-жігерін арнап, маңдай терімен халықтың құрметіне бөленген азаматтардың орны қашанда бөлек. Алдаберген Бисеновтың ғұмыр жолы – соның айқын дәлелі. Ол күрделі кезеңдерде жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінгі ұрпақ үшін мұндай тұлғалардың өмір жолын танып-білу, олардың еңбек тәжірибесі мен азаматтық ұстанымын үлгі ету аса маңызды. Себебі тарихи тұлғалардың есімі мен атқарған қызметі – ел жадында сақталуға тиіс құнды мұра. Сондықтан осындай ғылыми-танымдық басқосулардың тағылымдық мәні зор. Бұл – өткен мен бүгінді сабақтастырып, жас ұрпақтың бойында еңбекке құрмет пен елге қызмет ету жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды шара», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың және Қызылорда облысынан сайланған ҚР Құрылтайы депутаттарының конференцияға орай жолдаған құттықтау хаттары оқылды.

Конференция барысында ҚР Құрылтайының депутаты Шахмардан Байманов, Халық кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов, еңбек ардагері, Алдаберген Бисеновтің шәкірті Тұрмағамбет Асанов, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықбанұлы, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, қайраткердің шәкірті Балшекер Өтегенова, Өскемен қалалық архивінің директоры, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Алдаберген Бисеновтың қызы Гүлсім Бисенова баяндама жасады.

Бұдан бөлек қатысушылар назарына Алдаберген Бисеновтің өмірі мен еңбек жолына қатысты тарихи деректер мен естеліктер ұсынылып, қайраткердің ел дамуына қосқан үлесі кеңінен насихатталды. Сонымен қатар тұлғаның өнегелі жолын зерттеу, зерделеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелеріне мән берілді.

Алдаберген Бисеновтің ғұмыры – туған жерге адал қызмет етудің, табанды еңбектің және ел алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы мен еңбек мұрасы Сыр өңірінің тарихында айрықша орын алады.

TuraNews

Back to top button