Үлытау: Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары – басты назарда

2026 жылғы 2 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Құйқабаев Дидар Нұртуғанұлы сөз сөйледі.
Брифинг барысында жаз мезгілінде су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Спикердің айтуынша, тұрғындар мен қала қонақтары жазғы аптапта су жағасында демалуды жиі таңдайды. Алайда, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамау қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, соңғы бес жыл ішінде республика аумағындағы су айдындарында 1148 адам суға батып кеткен, оның ішінде 333-і балалар. Бұл деректер судағы қауіпсіздік мәдениетін арттырудың маңыздылығын көрсетеді.
Шомылу маусымына дайындық аясында Жезқазған қаласының құтқарушылары су жағасындағы жағажайлар мен демалыс орындарына кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «Мадагаскар», «Балықшылар үйі» және «Горняк» демалыс аймақтары, сондай-ақ байдарка мен каноэде есуге арналған есу базасы тексерілді.
Тексеру барысында Кеңгір су қоймасындағы суға түсуге рұқсат етілген аумақтардың түбі мен жағалау бөліктерінің жағдайына ерекше назар аударылды. Құтқарушылар 200 шаршы метрден астам су беті мен су түбін зерттеп, демалушылар үшін қауіп төндіруі мүмкін бөгде заттардан, қоқыстардан және қауіпті нысандардан тазартты.
Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша тиісті актілер рәсімделіп, демалыс аймақтарының жалға алушылары мен иелеріне тапсырылды. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарын толық қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар берілді.
Брифинг барысында спикер судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде суға түсуге, қайықтардан немесе арнайы жабдықталмаған орындардан секіруге, белгіленбеген жерлерде шомылуға, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыруға болмайды.
Сондай-ақ азаматтарға су айдындарын ластамау, жағажайларда тазалық сақтау, құтқару кеудешелерінсіз су көліктерін пайдаланбау және ескерту белгілерінің талаптарын орындау қажеттігі ескертілді.
Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заңнамада жеке тұлғаларға және кәсіпкерлік субъектілеріне түрлі мөлшерде айыппұл қарастырылған.
Брифинг соңында Дидар Нұртуғанұлы тұрғындарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырып, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі екенін атап өтті.



