
Ұлытау облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды «Таза аула» жалпыоблыстық сенбілігі ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында өңірде тазалық жұмыстарымен қатар, ағаш егу және көгалдандыруға ерекше басымдық берілді. Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Сенбілікке Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков те арнайы қатысып, өңір тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына, ағас егу ісіне атсалысты. Бұл — қоршаған ортаға жанашырлық танытып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды үлгісі болды.
Жалпы сенбілікке 175 ұжым мен 3500-ге жуық азамат белсенді түрде қатысып, 62 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 228 қураған ағаш бұталып, 5300-ге жуық жасыл желек отырғызылды.
Аталған шара өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға және бұқаралық экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған жұмыстардың жалғасы болып табылады. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табады.



