Басты

Ұлытау облысында республикалық «Өрт-2026» оқу-жаттығу жиыны өтті

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жаңаарқа ауданында өткен республикалық «Өрт-2026» оқу-жаттығу жиынының барысын бақылады. Екі күнге созылған ауқымды іс-шара төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету жүйесінің дайындығын пысықтауға бағытталды.

Оқу-жаттығудың алғашқы күнінде жедел штабтардың өзара іс-қимылы мен ақпарат алмасу тиімділігі тексерілсе, екінші күні «Қарағаш» орман шаруашылығы аумағында практикалық далалық жаттығулар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында орман және дала өрттерін сөндіру, тұрғындарды эвакуациялау, сондай-ақ төтенше жағдай салдарын жою бойынша арнайы қызметтердің іс-әрекеті пысықталды.

Сонымен қатар облыс әкіміне тікұшаққа арналған жаңа су төгу құрылғысы мен оның техникалық мүмкіндіктері таныстырылды.

Оқу-жаттығуға күштік құрылымдардан 22 бірлік техника, бір МИ-8 тікұшағы және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға жұмылдырылған 60-қа жуық маман қатысты.

Іс-шараға қатысқан өңір басшысы мұндай ауқымды оқу-жаттығулардың өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына ерекше тоқталды.

«Мұндай іс-шаралар төтенше жағдай кезінде барлық қызметтің үйлесімді әрі жедел әрекет ету алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан нақты іс-қимыл тетіктерін әзірлеп, оларды жүйелі түрде енгізуіміз қажет», – деді облыс әкімі.

Оқу-жаттығу қорытындысында облыс әкімі Дастан Рыспеков бақылау жұмыстарын күшейту мақсатында заманауи технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, жылжымалы блок-бекеттермен жабдықтау, дрондар санын арттыру және олардың көмегімен мониторинг жұмыстарын күшейту арқылы уақыт пен қаржыны үнемдеу жолдарын ескеру қажеттігін атап өтті.

TuraNews

Back to top button