Ұлытау облысында биыл мамандандырылған ХҚКО мен автодром ашылады

Ұлытау облысында автокөлік иелеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды жобалардың бірі – мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен автодром құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жайында Ұлытау облысы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ринат Алматов мәлімдеді.
Бұған дейін «Автоцон» құрылысын бастаған мердігер ұйымның жосықсыз деп танылуына байланысты келісімшарт заң талаптарына сәйкес бұзылған болатын. Қазіргі таңда жаңа мердігер анықталып, құрылыс жұмыстарын жалғастыруға қажетті рұқсат құжаттары мен тиісті талоны берілді.
Қазір нысанда құрылыс қарқыны кезең-кезеңімен жанданып келеді. Автодром аумағындағы жолақтар толық сызылып, тәжірибелік жүргізу алаңы дайындалды.
Маңыздысы, «Автоцон» мен автодром бір мезетте іске қосылып, тұрғындарға кешенді түрде қызмет көрсететін болады. Бұл өз кезегінде жүргізушілерге қызмет алу процесін жеңілдетіп, өңірдегі автокөлікке қатысты мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.



