Ұлытау облысында әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтер цифрландырылып, мүгедектікті белгілеу рәсімдері жеңілдетілуде

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Айнұр Сатаева және департамент басшысының орынбасары Құралай Айдарханның қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау, мүгедектікті белгілеу рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.
Әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметтер
Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – азаматтарға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және осы саладағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету.
2026 жылдың алғашқы жеті айында зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 7 614 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Оның ішінде:
- жасына байланысты зейнетақы төлемі – 1 106 азаматқа;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 1 260 азаматқа;
- мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы – 296 азаматқа;
- асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы – 99 азаматқа;
- бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар – 1 909 азаматқа;
- көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы – 339 отбасыға;
- жерлеуге арналған біржолғы төлем – 773 азаматқа тағайындалды.
Бұдан бөлек, арнайы және басқа да әлеуметтік төлемдер бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетілді.
Бүгінде облыста 30 мыңнан астам зейнеткер, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын 8 мыңнан астам азамат, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын 2 мыңнан астам адам бар. Сонымен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрландыру азаматтардың құжат жинау және мемлекеттік органдарға жүгіну уақытын қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың бірқатар түрлері ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
Мүгедектікті белгілеу рәсімдері жеңілдетілуде
Департаменттің тағы бір маңызды бағыты – мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету.
Департамент 16 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның 15-і – республикалық бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындауға, ал біреуі – мүгедектікті белгілеуге қатысты.
2026 жылдың алғашқы жеті айында барлығы 9 630 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 2 016-сы мүгедектікті белгілеу қызметіне тиесілі.
Қазіргі уақытта мүгедектікті куәландырудың бетпе-бет және сырттай проактивті форматтары қолданылады.
Бетпе-бет куәландыру азаматтың тұрғылықты жеріне жақындатылған форматта да жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мамандар емханаларға, аудандық ауруханаларға және тасымалдауға мүмкіндігі жоқ азаматтардың үйлеріне барады.
Ал сырттай проактивті куәландыру азаматтардың МӘС бөліміне бару қажеттілігін азайтып, рәсімді медициналық ұйым арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін маңызды.
Қазіргі уақытта сырттай куәландыруға 23 нозология енгізілген. 2026 жылдың жеті айында осы форматты 504 азамат пайдаланды.
Сырттай куәландыру кезінде құжаттар электрондық форматта ұсынылады. Сарапшылар медициналық деректер негізінде шешім қабылдайды. Бұл азамат пен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты барынша азайтып, рәсімнің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Сонымен қатар республика бойынша 200-ден астам экстерриториялық МӘС маманы сараптама жүргізуге қатысады. Бұл шешім қабылдау процесінің объективтілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Мүгедектікті белгілеудің жаңа тетігі
2025 жылғы шілдеден бастап Қазақстанда жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті белгілеудің «ерекше механизмі» пилоттық жобасы іске қосылды.
Бұл тетік қайтымсыз анатомиялық ақаулар, Даун синдромы және балалардағы мукополисахаридоз сияқты жағдайларда қолданылады.
Механизмнің басты ерекшелігі – құжаттар толық түскен жағдайда сараптамалық қорытындыны бір жұмыс күні ішінде шығару мүмкіндігі.
Пилоттық жоба іске қосылғаннан бері Ұлытау облысында 14 азамат осы тетік бойынша куәландырудан өтті.
Оңалтуға жеке тәсіл
Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуі мен олардың әлеуметтік және кәсіптік мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жеке абилитациялау және оңалту бағдарламалары әзірленеді.
2026 жылдың жеті айында МӘС бөлімдері әлеуметтік оңалту бойынша 129, кәсіптік оңалту бойынша 19 бағдарлама әзірледі.
Кәсіптік оңалту бағдарламаларының ішінде 17-сі жұмысқа орналасуға, 2-еуі білім алуға бағытталған.
Бұл ретте оңалту шаралары азаматтың жеке қажеттіліктері мен медициналық ұсынымдары ескеріле отырып белгіленеді.
Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау
Департаменттің үшінші негізгі бағыты – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу.
Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, анықталған сәйкессіздіктерді жою және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру.
2026 жылдың жеті айындағы бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған тиісті шаралар қабылданды.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау
Әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесінің енгізілуі.
Лицензиялау процесі цифрлық форматта жүзеге асырылады. Қызмет көрсету барысында ұйымдардың кадрлық әлеуеті, ғимараты, материалдық-техникалық базасы, медициналық лицензиясы, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі бағаланады.
2026 жылдың жеті айында облыста 4 мекеме лицензия алды. Бүгінде Ұлытау облысында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алған ұйымдардың жалпы саны 11-ге жетті.
Олардың ішінде:
- 6 мекеме – үйде қызмет көрсету;
- 1 мекеме – стационарлық қызмет көрсету;
- 4 мекеме – жартылай стационарлық қызмет көрсету бағытында жұмыс істейді.
Лицензиялау жүйесінің цифрландырылуы құжаттарды қарау мен талаптарға сәйкестікті бағалау процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Негізгі мақсат – азаматтарға қолжетімді әрі ашық қызмет көрсету
Брифинг барысында Департамент өкілдері әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің басты мақсаты азаматтардың құқықтарын сақтау және қажетті қолдауды уақытылы алуына жағдай жасау екенін атап өтті.
Мүгедектікті белгілеу рәсімдерін цифрландыру, сырттай проактивті куәландыруды кеңейту, әлеуметтік төлемдерді ақпараттық жүйелер арқылы тағайындау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау – осы бағыттағы негізгі өзгерістердің бірі.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, рәсімдерді барынша ашық жүргізуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.



