МәдениетСпорт

Түркістанда садақ атудан ҚР кубогының II кезеңі басталды

Түркістан қаласындағы О.Жарылқапов атындағы стадионда садақ атудан ересектер және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының ІІ кезеңі ресми түрде басталды. Ауқымды спорттық дода ел көлеміндегі үздік мергендерді анықтауға бағытталған маңызды жарыстардың бірі болып табылады, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Аталған бәсекеге еліміздің 12 өңірінен 260-қа жуық спортшы жиналып, өз шеберліктері мен дәлдігін сынға салуда. Жарысқа Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Жетісу, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының үздік садақшылары қатысып отыр. Бұл жарыс еліміздің садақ ату спортындағы жоғары деңгейдегі бәсекелестікті көрсететін маңызды алаң саналады.

Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, қала әкімінің орынбасары Мадияр Алипов және ҚР садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Темірбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық рух пен әділ бәсекенің маңыздылығын атап өтті.

Жарыс барысында спортшылар бірнеше бағдар бойынша сынға түсіп, жеке және командалық есепте үздіктерді анықтайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кезең спортшылардың техникалық дайындығын бағалауға және ұлттық құраманы жасақтауға маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, ел Кубогы төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең Шымкент қаласында өтіп, онда үздік мергендер анықталған болатын. Сол жарыста Түркістан облысының спортшылары Виктория Лян мен Бунед Мирзаметов жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Бұл өңір спортшыларының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Енді Түркістан төрінде өтіп жатқан ІІ кезеңде де жергілікті спортшыларға үлкен үміт артылып отыр. Олар өз жерінде жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын қорғауға мүмкіндік алуға тырысуда.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған спортшылар ұлттық құрама сапына шақырту алып, алдағы уақытта мамыр айының басында Қытайдың Шанхай қаласында өтетін Әлем кубогында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын болады.

Түркістан облысында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, жас спортшыларды қолдау және халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындықты күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

TuraNews

Back to top button