Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатында 14-15 сәуір күндері Түркия Республикасының Вице-президенті Жевдет Йылмаздың елімізге ресми сапары күтілуде. Сапар барысында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланбақ.
Анадолу агенттігінің мәліметінше, кездесулер аясында үкіметаралық іс-қимылдар, сауда-саттық, экономика, энергетика және көлік-логистика салаларындағы байланыстардың қазіргі жай-күйі мен болашақ мүмкіндіктері қарастырылады.
Сапардың күн тәртібіне сәйкес Жевдет Йылмаз Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновпен жеке кездесу өткізеді деп жоспарланған. Бұдан кейін делегациялар деңгейінде Қазақстан-Түркия Үкіметаралық экономикалық комиссиясының 14-ші отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісімдерге қол қою көзделіп отыр.
Сондай-ақ сапар аясында Түркия Вице-президенті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ақорда» резиденциясында қабылдауы күтілуде. Ресми келіссөздерден кейін екі елдің іскер топ өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум және дөңгелек стол отырысы ұйымдастырылады.
Сарапшылардың пікірінше, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға ресми сапары қарсаңындағы аталған кездесудің маңызы зор. Тараптар алдағы ірі жиындар алдында екіжақты байланыстарды пысықтап, өзара қарым-қатынасты нығайтуды көздеп отыр.



