Басты

Түркістанда қазақ-қырғыз зиялыларының V форумы өтті

17 қыркүйекте Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Түркістан облысы Төлеби ауданы Кеңесарық ауылында қазақ-қырғыз зиялыларының V форумы өтті, деп Turanews.kz хабарлайды Халықаралық Түркі Академиясының сайтына сілтеме жасап.

«Бұл жолғы форум қазақ пен қырғыздың бауырының бүтін, туырлығының тұтастығын күзеткен Төле биден тараған ғұлама қайраткер, ірі оқымысты Бекасыл әулие Биболатұлының 200 жылдық мерейтойына арналды. Алқалы жиын алдында қатысушылар Бекасыл баба кесенесіне зиярат етіп, тағзым етті», –делінген хабарламада.

Форумға Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, саяси ғылымдар докторы Ержан Исақұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Тшанов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, халық ақыны Кожогелді Күлтегін және Қырғызстан Жогорку кенешінің экс-спикері Зайнидин Құрмановтар бастаған Қырғыз елінің делегациясы, сонымен қатар екі елдің танымал ғалымдары, академиктер, ғылыми институт басшылары, зиялы қауым өкілдері және журналистер қатысты.

Басқосу барысында қазақ-қырғыз зиялылары Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» еңбегін жан-жақты талдап, орамды ойлары мен пайымды пікірлерін ортаға салды.

Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келіп

Жиынға арнайы келген Мәлік Отарбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. «Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келіп, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан ғұламаның «Зикзал» атты еңбегі халқымыз үшін асыл мұра. Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап, оның «Зикзал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған», делінген Президент  құттықтауында.

Түркі академияның сарапшысы, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы Академия басшылығының құттықтау хатын жеткізіп, «Ер Есім жырындағы елдік дәстүр» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар ол Түркі академиясы шығарған Бекасыл Биболатұлының «Зикзал», белгілі түрколог, профессор Кадыралы Конкобаевтың редакторлығымен қазақ тіліне аударылған «Ер Есім», «Жаныс, Байыс» атты қаһармандық эпостар туралы сөз етіп, бір туған екі халықтың әдебиетіндегі сабақтастық туралы ойларымен бөлісті.

Форум қатысушылары мен қонақ­тары қазақ өнерпаздары мен қырғыз манасшыларның өнерін тамашалады. Жиыннан кейін Бекасыл Биболатұлы мен оның ата-бабаларына арналып ас берілді.

Айта кету керек, ХІХ ғасырда өмір сүрген ғұлама Бекасыл Биболатұлы Ташкент, Самарқан, Бұхара, Қарнақ пен Сайрам шаһарлары және Шам елінде білім алған. Теологияны терең меңгерген ол астрономия, математика мен философияны жан-жақты зерделеп, шипагерлікпен де танылады. Оның бұл салалардағы еңбектері «Зикзал» кітабы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.

Қазақ-қырғыз зиялыларының алғашқы басқосуы Түркі академиясының бастамасымен 2018 жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен болатын. Бұдан кейін туысқан екі елдің ынтымақтастығына айрықша ықпал еткен игі шара сол жылғы қазан айында Ош қаласында жалғасын тапты. Сонымен қатар, Ұлы даланың мәңгілік мирасы «Манас» дастаны мен көрнекті ғалым Шоқан Уәлиханов тағылымына арналған үшінші форум Жетісу жерінде ұйымдастырылды. 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне ресми сапары қарсаңында Бішкек қаласында төртінші жиын өткен болатын.

TuraNews

Back to top button