Қоғам

ШҚО ТЖД мамандары жағажайлардың дайындығын бағалады

Шығыс Қазақстанда шомылу маусымы кезінде демалушылар үшін арнайы жабдықталған 23 аймақ бөлінеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде облыстық ТЖД өкілдері мәлімдеді.

– Сәуір айында «Жазғы кезеңде су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дайындық бойынша іс-шаралар жоспары» бекітілді. Су нысандарында жаппай демалыс, туризм және спорт үшін 23 учаске анықталды. Өскеменде олардың саны – үш, Ұлан ауданында – сегіз, Самар ауданында – екі. Ал Риддерде, Алтай ауданында, Үлкен Нарын, Күршім, Зайсан, Марқакөл, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха аудандарында – бір-бірден, – деп хабарлады ШҚО ТЖД өкілдері.

Сондай-ақ ведомство өкілдері ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардан құралған комиссиялар демалыс орындарының түбін тексеру және олардың талаптарға сәйкестігін визуалды қарау жұмыстарын бастап кеткенін айтты. Қазіргі таңда ШҚО ТЖД-не нысандардың түбін тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 16 өтінім келіп түскен.

– Облыс акваторияларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖД-нің бес құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Рейдтік іс-шараларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер және ҚР ТЖМ-нің Өскемен қаласындағы, Алтай және Самар аудандарындағы 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері тартылады, – деп қосты өңір құтқарушылары.

Құтқарушылардың айтуынша, профилактикалық жұмыстар аясында жергілікті атқарушы органдармен, полиция департаментімен, Ұлттық ұланмен және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп рейдтер, брифингтер, теледидар мен радиода түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен жазбалар жарияланып, баспа басылымдарында материалдар жарық көруде және судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша үгіт-насихат өнімдері таратылуда.

TuraNews

Back to top button