Спорт

ШҚО Катонқарағайда ұлттық спорт ойындары басталды

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында ұлттық спорт ойындары басталды. Биылғы ауқымды шара фестиваль бағдарламасы мен Шығыс Қазақстан облысының ХХІV Халықтық спорт ойындарының ат спорты түрлері бойынша жарыстарын бір арнаға тоғыстырды.

Бірнеше күнге созылатын жарыстар бағдарламасына көкпар, жамбы ату, аламан бәйге, аударыспақ, теңге ілу, құнан бәйге, топ бәйге және жорға жарыс енгізілген. Дүбірлі додада Шығыс Қазақстан облысы мен еліміздің өзге өңірлерінен келген спортшылар бақ сынап, ұлттық спорттағы шеберліктерін, ептілігі мен төзімділіктерін паш етеді.

Жарыстың ең тартымды сәттерінің бірі – бас жүлденің сарапқа салынуы. Ұйымдастырушылар жеңімпазға автокөлік табыстайтынын мәлімдеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық спорт ойындарының фестиваль аясында өткізілуі қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін дамытуға, түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеуге және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі жыл сайын мыңдаған қонақты жинап, ұлттық спортты, мәдениетті және қазақ халқының бай дәстүрін насихаттайтын маңызды халықаралық алаңға айналып келеді.

TuraNews

Back to top button