ШҚО жастары экологияны сақтауға бағытталған волонтерлік қозғалысқа шақыруда

Шығыс Қазақстан облысында экологиялық мәдениетті дамытуға және волонтерлер қозғалысын қолдауға арналған маңызды іс-шаралар өтті. Негізгі шараның бірі — жастар мен волонтерлердің «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюкпен және волонтерлік саласының ұлттық сарапшысы, әдіскер әрі тренері Елена Амреевамен кездесуі.
— Кездесуде волонтерлік қозғалысты дамыту, экологиялық бастамаларды жүзеге асыру, жастарды қоғамдық маңызы бар жұмыстарға тарту және өңірдегі волонтерлікті дамытудың алдағы жоспары талқыланды, — дейді диалог алаңының ұйымдастырушылары.
Сонымен қатар, студенттер мен мектеп оқушылары үшін «ҚЭДО» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Танир Яссамен мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде жастардың азаматтық белсенділігі, волонтерлік жобаларға қатысуы, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мәселелері жайлы сөз қозғалып, қатысушылар қоғамдық қызметтегі табысты тәжірибелермен танысты.
— Кездесулер барысында волонтерлердің экологиялық және әлеуметтік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне, сондай-ақ жастарды қолдау мен азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға ерекше назар аударылды. Спикерлер экологияны сақтау, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және қоғамдық ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы волонтерлік қызметке жастарды тартудың маңызын атап өтті, — деп түсіндірді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, кездесулер тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылауға және жастар, волонтерлік ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға арналған тиімді алаңға айналды. Қатысушылар сарапшылардан жаңа білім мен тәжірибелік ұсыныстар алып, оларды алдағы уақытта экология саласындағы волонтерлік жобаларды дамытуда қолданбақ.



