Қоғам

ШҚО-да ұлттық ұлан жауынгерлері қызметтен тыс уақытта қырағылық танытты

Ұландықтар түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған азаматты ұстауға көмектесті

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қызметтен тыс уақытта қырағылық танытып, түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды өткізу әрекетінің жолын кесті.

Оқиға 12 қазан күні кешкі сағат 18:45 шамасында болған. 5511 әскери бөлімінің 3-жеке атқыштар ротасының инженерлік-техникалық күзет құралдары бөлімшесінің топ бастығы, кіші сержант Елдос

Төлеуғазиев пен маман-техник Жаңғазы Жолдасбек қызмет аяқталған соң үйлеріне қайтып бара жатқан. Сол сәтте олардың назарына түзеу мекемесінің маңында тоқтап тұрған күдікті көлік ілігеді.

Ұландықтар көлікке жақындай бергенде, жүргізуші дауыс беріп, оқиға орнынан белгісіз бағытқа қарай қашып кеткен. Жағдайдың күмәнді екенін аңғарған әскери қызметшілер көлікте болған адамның әрекетін жай қалдырмай, түзеу мекемесінің маңында оның сыбайластары болуы мүмкін екенін топшылайды. Олар дереу мекеме аумағына қарай бет алып, тыйым салынған заттарды ішке лақтыруға әрекеттенген азаматты ұстайды.

Оқиға орнына іргелес аумақта патрульдік қызмет атқарып жүрген ефрейтор Ермек Есболов қызметтік иті Тайсонмен бірге жедел жетті. Қызметтік иттің көмегімен 23 жастағы азаматтың түйіншектелген орамды лақтырмақ болған жері анықталды.

– Түзеу мекемесінің айналасына себепсіз көліктер келе бермейді. Мұнда ұзақ уақыт қызмет еткендіктен, қызметкерлердің көліктерін де жақсы танимын. Ал бұл жолы күдікті көлік бұрын да тыйым салынған заттарды лақтыру әрекеттері тіркелген аумаққа тоқтады. Сондықтан бейжай қарауға болмайтынын түсіндім. Бастапқыда жай ғана мән-жайды анықтамақ болғанбыз. Алайда жағдайдың өрбуіне байланысты жедел әрекет етуге тура келді, – дейді кіші сержант Елдос Төлеуғазиев.

Ұландықтардың қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында тыйым салынған заттарды түзеу мекемесінің аумағына өткізу әрекетінің жолы кесілді. Ұсталған азамат құзырлы органдарға тапсырылды. Ал тәркіленген заттарды анықтау және тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар әкімшілік сотқа жолданды.

TuraNews

Back to top button