
Шығыс Қазақстан облысында тұрғындарды сапалы және тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Сол жобалардың бірі — Шемонаиха қаласындағы жылу жүйесін жаңарту.
Аталған жоба қаладағы негізгі сорғы станциясын қайта жаңғыртуды қамтиды. Ол «Востокэнерго» кәсіпорнының ірі қазандық кешенімен тығыз байланысты және Шемонаиха қаласы мен оған іргелес елді мекендерді жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін негізгі жүйенің бірі болып саналады.
Соңғы жылдары қала аумағының кеңеюі, жаңа тұрғын үйлер мен шағын аудандардың салынуы жылу желісіне түсетін жүктемені айтарлықтай арттырған. Осыған байланысты қолданыстағы гидравликалық жүйенің мүмкіндігі шектеулі болып отырғаны анықталған.
Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаев бұл мәселенің өзектілігін атап өтіп, жылу инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігі уақыт талабынан туындап отырғанын жеткізді.
— Қала дамып, жаңа шағын аудандар пайда болуда. Соған байланысты жылу қуатын арттыру қажеттілігі туындады. Қазіргі таңда жылу қоры жеткілікті болғанымен, оны барлық тұтынушыларға толық жеткізу мәселесінде қиындықтар бар, — деді аудан әкімі.
Мәселені шешу үшін сорғы станциясын жаңғырту және оның қуатын арттыру жобасы қолға алынған. Жоба аясында жүйенің техникалық мүмкіндіктері кеңейтіліп, жылу беру тиімділігі арттырылады. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жобаның жалпы құны шамамен 400 миллион теңгені құрайды. Қаржыландыру жергілікті және облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Жоба іске қосылғаннан кейін жылу жүйесіндегі қысым тұрақтанып, көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу біркелкі әрі үздіксіз жеткізілетін болады. Сонымен қатар қаланың шеткі аудандарындағы тұрғын үйлердің жылумен қамтылу сапасы да жақсарады.
Алдағы уақытта жаңа бас жоспарға сәйкес Шемонаиха қаласының шеткері шағын аудандарын да орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қаланың инженерлік инфрақұрылымын жүйелі дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы мен сенімділігін күшейтуге бағытталған.



