ШҚО-да оқушылардың жазғы демалысы мен кәсіптік бағдарлау мүмкіндіктері кеңейтілуде

Шығыс Қазақстан облысында балалардың жазғы демалысын, сауықтыруын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары жалғасуда. Оқушылар үшін қарастырылған қосымша мүмкіндіктер туралы облыстық әкімдік отырысында білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мәлімдеді.
Дәстүр бойынша өңір оқушылары Алматыдағы «Бөбек» және Щучинск пен Қонаев қалаларындағы «Балдаурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында тегін демалу мүмкіндігіне ие болады. Жыл басынан бері бұл орталықтарда 162 оқушы демалып үлгерсе, жаз мезгілінде тағы 108 бала жолдама алады, ал жыл соңына дейін қосымша 135 оқушы қамтылады.
Жазғы кезеңде Самар ауданындағы «Балауса» лагері базасында әскери-спорттық сауықтыру орталығы жұмысын жалғастырады. Ол 7–8 сынып оқушыларына арналған, биыл 100 баланы қамту жоспарланған.
Бағдарламаға спорттық ойындар, туристік жорықтар және бастапқы әскери дайындық элементтері енгізілген.
Жетім балалар мен дарынды оқушыларға ерекше көңіл бөлінуде. 280 бала үшін Бұқтырма су қоймасы бойынша теплоходпен экскурсиялық турлар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыруға 33,4 млн теңге көлемінде бюджеттік өтінім берілген.
Ерте кәсіптік бағдар беру жұмыстары да жалғасады. Облыстың 10 колледжі базасында 550 оқушыға арналған жазғы алаңдар ұйымдастырылады.
Қатысушылар түрлі мамандықтармен танысып, тәжірибелік дағдыларды меңгере алады: робот құрастыру мен бағдарламалаудан бастап мехатроника, лазерлік кесу, аспаздық және шет тілдерін үйренуге дейін.
Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқуында жетістікке жеткен 150 колледж студенті үшін Ұлкен Нарын ауданындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан сауықтыру орталығында жазғы демалыс ұйымдастырылады.
Білім басқармасының мәліметінше, аталған шаралар өңірдегі балалар мен жастардың сапалы демалуына, жан-жақты дамуына және кәсіби бағдар алуына жағдай жасауға бағытталған.



