Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer және Roshe компанияларының Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіруіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Қазіргі кезде технологиялар трансферті мен жаңа әзірлемелерді қамтамасыз ету үшін қажет инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. BIGPHARMA фармацевтикалық компаниясымен, сондай-ақ келісімшарттық өндіріс жобалары бойынша АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия және Жапониядан келген басқа инвесторлармен жобалар іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде тұр. Осы жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру инновациялық бірегей дәрі-дәрмекті алуға және озық медициналық техниканың мүмкіндіктерін емін-еркін пайдалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, 2024 жылғы екінші жартыжылдықтан бастап «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ базасында Roche компаниясының ісікке қарсы препараттарын шығару жоспарланған.
«Сонымен қатар, Pfizer компаниясымен Қазақстан Республикасында «Превенар-20» пневмококкты вакцинаны оқшаулау жобасы бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Қазір инвестициялар туралы келісімнің жобасы пысықталуда. Вакцина өндірісінің басталу кезеңі инвестициялар туралы келісімде айқындалады», — деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы импорт үлесіне қатысты мәлімет берді.
«Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегі бойынша, 2022 жылы фармацевтика саласының өндірісі 162,6 млрд теңге болды. 2023 жылдың 11 айында өндіріс көлемі 131,0 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, 2022 жылы экспорт көлемі 32,2 млн АҚШ доллары, импорт 1,7 млрд АҚШ доллары шамасында болды. Ал 2023 жылдың 11 айында фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 14,4 млн АҚШ долларын, ал импорт 1,6 млрд АҚШ долларын құрады», — делінген ведомство ақпаратында.