Қызылордалықтар республикалық форумда марапатталды
Астанада Президент орталығында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Еңбек күніне арналған «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы өтті.
Форумда ел игілігі жолында адал еңбек етіп, көпке үлгі болған еңбек адамдары марапатталды. Шараға Сыр өңірінің делегациясы да қатысып, арнайы номинацияларға ие болды.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясымен төрт буыны теміржол саласында еңбек еткен қызылордалық Абдрахмановтар әулеті марапатталды. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 318 жыл. Оның мүшелері әр жылдары «Ленин», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек даңқы» ордендері және басқа да марапаттарға ие болған.
Сонымен қатар, 40 жылдан астам «Жаңа жол» ЖШС-де механизатор болып еңбек еткен Талғат Байымбетов пен 31 жыл «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-да тас қалаушы болған Мырза Малкенов Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.


