Басты

ҚЫЗЫЛОРДАДА СТУДЕНТТЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» «Денсаулық сақтау жүйесіндегі жас мамандар: медициналық колледждердің халықаралық диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл маңызды шара болашақ медицина саласы мамандарының кәсіби дамуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Конференцияның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтап, осындай халықаралық деңгейдегі басқосудың өңір үшін маңыздылығын атап өтті. Ол жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, медициналық білім сапасын жетілдіру және тәжірибе алмасу алаңын кеңейтудің ерекше рөл атқаратынын айтты.

Сонымен қатар іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстарын дамыту департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Алмағамбетова, AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Y-PEER өңірлік үйлестірушісі, UNFPA Kazakhstan өкілі Надежда Хе, Білім беру қорының президенті әрі Global Sapa халықаралық академиясының құрылтайшысы Тлектес Шинчужинова қатысты. Олар өз сөздерінде медициналық білім берудің қазіргі даму үрдістері, жастарды қолдау және халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.

Салтанатты ашылу рәсімі мазмұнды концерттік бағдарламамен жалғасып, одан кейін конференцияның негізгі жұмысы Қызылорда медициналық жоғары колледжінде жалғасты. Онда қатысушылар түрлі секциялар бойынша өз ғылыми жобалары мен тәжірибелік зерттеулерін таныстырды.

Айта кету керек, аталған халықаралық конференцияның негізгі мақсаты – болашақ медицина мамандарының кәсіби және ғылыми әлеуетін біріктіру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, медициналық білім беру жүйесіне инновациялық идеялар мен цифрлық технологияларды енгізуді ілгерілету болып табылады. Сонымен қатар шара жастар арасында мейірімділік, жауапкершілік және адамгершілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Конференция аясында студенттер мен жас мамандар тәжірибелі дәрігерлермен, халықаралық сарапшылармен пікір алмасып, заманауи медицинадағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды. Мұндай алаңдар жастардың кәсіби дамуына серпін беріп, олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, бұл халықаралық конференция өңірдегі медициналық білім беру сапасын арттыруға, жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға және жаһандық деңгейдегі тәжірибемен алмасуға жол ашатын маңызды бастама болып отыр.

TuraNews

Back to top button